Футбол, волейбол және баскетбол. Бескөл ауылының тұрғындары аталған спорт түрлерімен енді қалаған уақыттарында айналыса алады. Күні кеше ағайынға арналып спорт алаңы ашылды. Қазір онда ұл-қыздар асыр салып ойнап жүр. Балалардың қуанышында шек жоқ. Спортқа жаны құмар бескөлдіктердің бірі – Ләззат Серікпай. Ол волейбол десе ішер асын жерге қояды.
ЛӘЗЗАТ СЕРІКПАЙ:
– Бұған дейін спортпен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде айналыстық. Енді күн суық болса кешенде, жылы болса алаңда ойнаймыз. Осындай алаң салып берген жандарға зор алғысымды білдіремін.
Алаң құрылысына 48 млн теңге бағытталған. Көптің қуанышына айналған жерді “Стронг Сервис” серіктестігі 3 ай бойы салыпты.
САРА ҚАЛДАЕВА, Қызылжар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің меңгерушісі:
– Ауданымызда спорт жылдан-жылға қарқынды дамуда. Спортшыларымыз әрқашан жарыстардан жүлдемен оралады. 5 жыл бойы барлық спорт түрлерінен алда келе жатырмыз. Кеше ауданымыздың намысын қорғап жүрген спортшыларымызды марапаттаған болатынбыз. Олардың дені – жастар.
Қазіргі таңда Қызылжар ауданында 16 спорт алаңы бар. Оның 12-сі соңғы 5 жылда бой көтеріпті.
Гульден Симбаева