Прокурорлар аграрийдің құқығын қорғап қалды. Осыдан бірнеше ай бұрын қадағалаушы органға Ғ.Мүсірепов ауданының кәсіпкері жүгінген. Солтүстікқазақстандық тыңайтқыш алу үшін субсидияға өтінім берген. Бірақ, неге екені белгісіз ауыл шаруашылығы басқармасы төлемді төлемей, оны тоқтатып қойған.
ТИМУР ҚҰРТАЕВ, СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:
– Заң тұрғысында төлемді тоқтатуға болмайтынын анықтадық. Өтініш негізінде субсидия не беріледі, не берілмейді. Мұндай әрекетке жол берген екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал диқанға 1 млрд теңге көлемінде субсидия берілді. Алдағы уақытта қалған төлем төленеді.
Қадағалаушы органға бүгін де кәсіпкерлер өз мәселелерімен жүгінді. Жергілікті кәсіпкерлер палатасында өткен жиында бірінші болып “Мельница сауда үйі” серіктестігінің қаржы директоры Ольга Исакова сөз алды. Ол ұзақ уақыттан бері қосымша құн салығын қайтара алмай отыр. Мемлекеттік органдар төлемді қайтаруды кешіктіріп жатқан көрінеді.
ОЛЬГА ИСАКОВА, “Мельница сауда үйі” ЖШС қаржы директоры:
– Біз 4-ші және 1-ші тоқсандар үшін қосымша құн салығын қайтару туралы өтініш бердік. Олар оны мақұлдады. Өтінішті 31 тамызда жібердік. Бірақ, ақша әлі күнге дейін келген жоқ. Мемлекеттік кірістер департаментіне хабарластық. Олар қазынашылық аударған жоқ дейді. Қазынашылық болса Қаржы министрлігі «ақша бөлген жоқ» деп отыр. Ақша қашан қайтарылатындығын білмейміз.
Бұл мәселе республикалық деңгейде қаралады. Жалпы, биыл қадағалаушы орган 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғап қалған. Оның негізінде 14 адам жауапкершілікке тартылды. 787 заңсыз құқықтық актінің және 90 шектеу шарасының күші жойылды.
Алдияр Айтпаев