ТКШ

Ғ.Мүсірепов ауданындағы нысандардың қысқа дайындығы

Бұл – Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимское ауылының Мәдениет үйі. Нысан осыдан 3 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті. Мекеме іші жарық, акт залы кең. Қыста да жылыту жүйесінде ақау туындамайды екен. Қазір мұнда қауырт маусымға дайындық жүргізілуде.

АЛЕКСАНДР РЕМЕЗОВ, Мәдениет үйі директорының орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Жылу қазандығына әкімдікпен бірлесіп жазда жөндеу жүргіземіз. Биыл насостарды ауыстырдық. Енді мұржаны жөндеу қажет. 12 жылдың ішінде әбден тозығы жетті.

Қыстыгүні Мәдениет үйінде 20-22 градус температура сақталады екен. Биылғы жылыту маусымы еш ақаусыз өтеді деп топшыланып отыр. Мекеме маңында 780 тонна көмір жатыр. Өткен жылғыдан қалғаны тағы бар. Қауырт маусымда жауапты іске 4 адам жұмылдырылмақ. Жалпы, аудан орталығындағы көпқабатты үйлер де алдағы маусымға толықтай дерлік дайын.

ЕРБАТЫР ҰРМАНОВ, «INFOTEX.QZ» ЖШС жетекшісі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– 11 тамызда «INFOTEX.QZ» серіктестігі Черемушки және Мағжан Жұмабаев шағын аудандарындағы екі қазандықты сенімгерлік басқаруға алды. Черемушки шағын ауданында 32 мың шаршы метр, ал Мағжан Жұмабаев ықшам ауданында 25 мың шаршы метр жылытылады. Біз екі қазандықты жылыту маусымына дайындап қойдық. «Еңбек» серіктестігі конкурста жеңіске жетіп, барлық үйлердің жылу трассасы мен жабушы арматураларды ауыстырды. Советская көшесіндегі үйлерге жаңа жылу құбыры тартылды.

Демалыс күндері қос қазандықта да жуып-шаю жұмыстары жүргізілмек. Ал үйлерге жылу 1-ші қазаннан бастап беріледі. Жалпы, аудан орталығында 1 мыңға тарта абонент жылумен қамтамасыз етілмек. Көмірге деген қажеттілік 3 мың тоннаға жуықтайды. Қара отын дайын. Қажет болған жағдайда аудандағы теміржол тұйықтарынан тағы алынады.

 

Алдияр Айтпаев