Құқық қорғау органдары

Студенттік жатақханалар мен жастар көп жиналатын орындарды тексеру күшейтіледі

Петропавлда ювеналдық полицейлер, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері, мұғалімдер және білім басқармасының өкілдері бас қосты. Қаузалған тақырып өзекті. Жиналғандар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жайлы сөз қозғады.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

– Біз полициямен бірге ортақ жұмыс атқарып жатырмыз. Сондықтан, бұл бағытта аянбай еңбек ету керек деп санаймыз. Балалар көп уақыттарын мектепте өткізетіндіктен, маңызды іске мұғалімдер де белсенді қатысуы тиіс. Бос уақытта ата-аналар да жауапкершілікті сезінуі қажет деп ойлаймын.

Ұсақ бұзақылық, қорлық, заңды өкілдерсіз түнгі уақытта серуендеу – бұл жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар. Жиналыс барысында тәртіп сақшылары ұстаздар қауымына нашақорлықтың алдын алу және интернет-алаяқтардың әрекеттеріне жастардың қатысуын болдырмау жайлы да айтты.

ЗАРИМА ЖАКИНА, қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы:

– Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен, білім басқармасы өкілдерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сонымен қатар, профилактика мен дереу әрекет ету тақырыбына арналған жұмыс кеңесі өтті. Кеңес барысында мектеп оқушылары және студенттердің қатысуларымен болатын қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды. Полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімі мен білім басқармасы арасындағы дереу әрекет ету бойынша жоспары әзірленді.

Полицейлердің сөзінше, жыл басынан 445 рейд және жастар жиналатын орындарда 20-дан астам ірілі-ұсақты іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде балалардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс және ойын-сауық орындарында болғаны үшін 2082 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, 614 ата-анаға балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін материалдар жиналыпты.

 

Байболат Култанов