Қазанның келуіне тура 10 күн қалды. Яғни, мүлік салығын төлейтін мерзім де аяқталуға шақ. Міндетті төлемді енгізу қажеттігі туралы хабарлама ағайынға шілде айында жіберіле бастады. Демек, меншігінде тұрғын үй немесе басқа да жылжымайтын мүлкі бар жандар науқаннан хабардар.
ЖАҢЫЛ ҚАБДӨШЕВА, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:
– Егер сіз қандай да бір себептермен есептелген салық сомалары туралы хабарлама алмаған болсаңыз, онда мүліктің орналасқан жері бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер басқармасына хабарламу қажет немесе бірыңғай байланыс орталығына 14-14 нөмірі бойынша хабарласу қажет. “E-salyq Azamat” мобильдік қосымшасының “алдағы төлемдер” сервисінде, сондай-ақ, “Kaspi” және “Halyk” банктерінің мобильдік қосымшаларында дайын деректермелер бойынша мүлік салығын төлеуге болады.
Төлемді пошта арқылы және екінші деңгейлі банктерде қолма-қол ақшамен де жасауға болады. Жалпы, биыл азаматтар 2022-ші жылдың салығын төлейді. Ал ағымдағы жылғы мемлекет алдындағы берешекті жерлестеріміз 2024-ші жылы өтейді. Статистикаға көз жүгіртсек, 2021-ші жылға тиесілі төлемді төлеуден 5 мың жерлесіміз жалтарған. Олардың қазір 10 млн теңге сомасында берешегі бар. Осы ретте қала тұрғындарының науқан жайлы пікірін білдік. Кездескен азаматтардың барлығы заң талаптарыны жауапкершілікпен қарайды.
– Өз жеке кәсіпкерлігім бар. Соның салығын уақытылы төлеймін.
– Өзім балаларыммен тұрамын. Үй балалардың атында. Өз атымда жылжымалы мүлік жоқ.
– Салық төледім. “Kaspi” банк қосымшасынан хабарлама келді. Бірден төледім. Қарызым жоқ.
Ал салықтан жалтарған азаматтарға қатысты салық органы салық бұйрығын шығарады. Азаматтарға қатысты сот орындаушысы шара қолданады. Яғни, қарыз үстіне өсімпұл қосылуы немесе шоттар бұғатталуы мүмкін. Айта кетейік, салық мөлшері жылжымайтын мүліктің қай жылы салынып, қандай материалдан тұрғызылғанына байланысты. Сондай-ақ, оның аумағы да әсер етеді. Яғни, жыл өткен сайын нысан немесе тұрғын үй салығы төмендей береді. Ал жаңа әрі үлкен объектілердің салығы өзгелеріне қарағанда көбірек болады.
Алдияр Айтпаев