МТРА жаңалықтарыДенсаулық сақтау

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына – 40 жыл

Биыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына – 40 жыл! Мерейтойға шақырылған қонақтарды мұнда осылай қарсы алды. Артынша көпшілік акт залында бас қосты. Қаз-қатар жайғасқан жұртшылықтың алдына сала ардагерлері шыққан. Олардың бәрі бір кездері осы мекемеде еңбек етті, науқас ұл-қыздарға ана да, әке де болды. Любовь Чубова – солардың бірі. Бұрынғы медбике бұл ауруханада 37 жыл тер төккен.

ЛЮБОВЬ ЧУБОВА, медицина саласының ардагері:

– Бастапқы кезеңде жұмыс істеу өте қиын болды. Кадр мүлде жетіспеді. Қондырғылар, құрал-жабдықтар да тапшы болды. Мысалы, біз бір шприцті қолданғаннан кейін қайнаған сумен жуатынбыз. Кейін келесі адамға салып жүрдік. Өйткені, басқа амал болмады. Қуанышымызға орай, уақыт өте бәрі өзгерді. Денсаулық сақтау саласы тек дами берсін!

Аянбай тер төккен жандар ұмытылмайды, әрдайым құрметке бөленеді. Мерейтойлық кеште жиналғандар жергілікті әнші-бишілердің өнерін тамашалады.

Бүгінгі іс-шарада ауханада ем алатын балалар да ортаға шықты. Олар көмек қолын созудан ешқашан тайынбайтын жандарды әндерімен, билерімен қуантты. Өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған мекеме жыл артқан сайын дамып келеді. Биыл мұнда өзекті мәселенің бірі шешімін тапқан.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:

– Бізге 32 кадр жетіспеді. Облыс әкімінің және бейінді басқарманың қолдауымен бұл мәселе биыл түпкілікті шешілді. Сонымен қатар, біз осы 2 жылдың ішінде ауруханаға біршама техника сатып алдық. Олардың ішінде МРТ да бар.

Бұл – биыл келген мамандар. Жас әрі жігерлі жігіттер қабырғадағы деректерді оқып, сан жылдық тарихы бар ауруханамен танысып тұр. Манап Асылов мектеп бітіргесін тағы 10 жыл оқыпты. Алматыда және Астанада білім алған, шеберлік шыңдаған.

МАНАП АСЫЛОВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері:

– Анестезиолог-реаниматолог дәрігері – өте сұранысқа ие мамандардың бірі. Мұны тәж вирусы дәлелдеді. Балалар ешқашан ауырмасын! Ауырғанның өзінде Қазақстанның әр облысынан білікті дәрігерлер табылсын!

Сөз соңында аз-кем сандарды сөйлетейік. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімшесіне күн сайын 200 бала жүгінеді екен. Ал бір жылда емделіп шығатын ұл-қыздардың саны 14 мыңды құрайды.

 

Байболат Култанов