Петропавл ауыр машина жасау зауытында күнделікті қарбалас жұмыс. Іші толған түрлі техника. Әлібек Уатаевтың осындай қызу қарқындағы ұжымда еңбек етіп келе жатқанына 3 жыл болып қалыпты. 26 жастағы тепсе темір үзер зауыттың беткеұстар маманына айналған. Ол жуырда “Еңбек жолы-2023” өңірлік байқауының “Өндірістің үздік жас қызметкері” номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
ӘЛІБЕК УАТАЕВ, “ПАМЖЗ” АҚ учаске шебері:
– Негізінен, конкурстың талаптары қиын болған жоқ. Бұл байқауға өтілі 5 жылдан артық емес жас маман қатысуы керек болды. Конкурс бойынша шағын видеоролик түсіру керек болды. Түсіріп жібергеннен кейін бірінші орынды кездейсоқ иелендім десем болады.
Әлібек Уатаев жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін дипломын алып, бірден зауытқа жұмысқа орналасуға келген екен. Техникаға бала кезінен жақын болғаннан кейін мамандығы мен еңбектеніп жатқан жұмыс орны да көңілінен шығады. Қазір учаске шебері мұнда мұнайға қажетті құрылғылардың сапалы болуын қадағалайды.
ӘЛІБЕК УАТАЕВ,” ПАМЖЗ” АҚ учаске шебері:
– Жұмысым аса ауыр деп айта алмаймын. Учаскедегі жұмысты бақылаймын. Таңертең жұмысшыларға жұмысты таратамын да тексеріп отырамын. Әріптестерім жақсы. Жалақысы да жақсы, өзіме ұнайды.
Әр ісіне сауатты, жұмысына жауапты маман осы жұма күні өңіріміздің намысын республикалық конкурста қорғайды.
Ақжүніс Мұқатай