Көпшілік білетіндей, шілде айында Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру аяқталды. Бұл іс бірнеше талап бойынша жүргізілді. Соның бірі – Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кірмейтін үшінші елдерден әкелінген темір тұлпарларды кедендік тазарту рәсімінен өткізу. Науқан кезінде мұндай мақсатпен 14 мыңдай жерлесіміз Мемлекеттік кірістер департаментіне жүгініпті. Мамандар бәріне бірдей қызмет көрсеткен.
БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:
– Жария етуге өтінімдерді қабылдау 1 шілдеде тоқтатылды. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыс әлі аяқталған жоқ. Салық төлеушілер белгілі бір ақпаратты алу мақсатында департаменттің ЕАЭО шеңберінде қосымша құн салығын әкімшілендіру басқармасына және кедендік бақылау басқармасына жүгінуді жалғастыруда.
Брифинг барысында СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шайкенов кеден қызметіндегі өзгерістерге де тоқталды. Бұл бағытта әрбір жан білуді қажет ететін деректер бар.
БАУЫРЖАН ШАЙКЕНОВ, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары:
– Пайдалануға арналған тауарларды кедендік шекара арқылы әкелу кезінде жеке тұлғалар, жолаушылар кедендік декларацияны толтыруы тиіс. Сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын заңды тұлғаларға пайдалы болатын тағы бір ақпарат бар. 15 тамыздан бастап мемлекеттік кірістер органдары алатын кедендік алымдардың ставкалары өзгерді.
Брифинг соңында Бауыржан Шайкенов автокөлік құралдарымен тауарларды тасымалдау кезінде рұқсат құжаттарын ұсыну бойынша бақылау тұрақты негізде жүргізілетінін еске салды.
Байболат Култанов