Қазір ел бойынша орақ науқаны қызу жүргізілуде. Жауын-шашын салдарынан қиындықтар туындағаны белгілі. Маңызды күзгі жиын-терім жұмысына дейін диқандар қолдан келгеннің бәрін жасады. Сапалы тұқым уақытылы егіліп, тыңайтқыш оңтайлы сіңірілді. Соның арқасында болар өнім сапасы жақсы. Қазір жандарын шүберекке түйген кәсіпкерлердың басты мақсаты – астықты шығынсыз жинап алу. Көл-көсір өнімді қамбаға құюда мемлекеттік қолдау аса маңызды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Барлық қажеттілікті жабу үшін қосымша 54 мың тонна жанар-жағармай бөлінбек. Бір литрінің бағасы 250 теңгеден аспайды. Сондай-ақ, бүгінгі күні барлық астық қабылдаушы кәсіпорындардың дайындығы тексерілді. Өнімді күндіз-түні қабылдау бойынша тапсырма берілді. Әкімдіктер кептіру қызметіне алынатын бағаны бақылауда ұстайды. “Бәйтерек” холдингі “ҚазАгроФинанс” АҚ лизинг бойынша стационарлық және мобильдік кептіргіштерді алуға үмітті аграрийлердің өтініштерін қысқа мерзімде қарастыруды тапсырды.
Фермерлер келер жылы да қаржыландырудан қиындық көрмейді. Оларға арналып тұқым қоры да әзірленуде. Жалпы, әкімдіктердің тұспалы бойынша биылғы орақ науқанында 16 млн тонна дәнді астық жиналмақ. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге толықтай жетеді. Бірақ, экспорт сәл қысқарады. Елордадағы брифингіде Айдарбек Сапаров мал шарушылығын қолға алған фермерлерге де үндеу жасады. Жем-шөптен теперіш көреміз бе деген ағайынға ауыл шаруашылығы министрі былай деді.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Биыл жем-шөп мол болады. Бағасы жағынан да еш қиындық туындамайды. Сондықтан, мал ұстайтын шаруалар дүрбелеңге бой алдырып, малдың бәрін союдың қажеті жоқ. Өңірлер жем-шөп дайындау жоспарын орындауда. Азық жетіспейтін облыстар жем-шөпті басқа өңірлерден алатын болады.
Қазір қуаңшылық пен жауын-шашыннан қиындық көрген облыстарға ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері жіберілді. Әзірге, СҚО-да қандай шығындар бар екені белгісіз. Жалпы, ел бойынша күзгі жиын-терім жұмысына 149 900 трактор мен 38 мың комбайн жұмылдырылып отыр. Шаруалар 24 млн гектар жерден жиналған астықты қамбаға құймақ.
Алдияр Айтпаев