Экология

СҚО-да қайта өңдеу ісі қолға алынбаса қоқыс қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін – экологтар

Соңғы жылдары қоқыс мәселесі өңірде өткір тұр. Облыс аумағында жаппай заңсыз үйінділер анықталуда. Ондай аумақтар адамдардың табиғатқа деген салғырттығынан пайда болып жатыр. Тұрғындар қалдықтарды арнайы аумаққа апармай, өзіне ыңғайлы жерлерге төгіп кетеді. Биыл мұндай 450-ге тарта жер белгілі болыпты.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО экология департаментінің басшысы:

– Бүгінгі таңда заңсыз полигондардың 93% жойылды. Қазір Тайынша ауданындағы 15-ке жуық аумақты жою жұмыстары жүргізілуде. Қалдықтардың жану фактісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар ауаны ластайды. Жаңбыр, ағынды сулар арқылы жер асты суларын ластайды.

Екінші мәселе тіптен өзекті. Адамдар демалыс орнындағы мәдениетті ұмытқандай. Пестрое көлі жағасының сиқы осы. Айнала бей-берекет шашылған қоқыс. Біреу шашқан қалдықты Азат Жұмағұл сынды табиғат жанашырлары жинамаса көрініс бұдан да жағымсыз балар ма еді.

АЗАТ ЖҰМАҒҰЛ, табиғат жанашыры:

– Бұл мәселені шешудің тек 1 жолы бар. Қоғамдық орындарда қоқысты шашып кеткен адамдарға айыппұл салу керек. Мұндай жерлерге бейнекамералар орнатылса дұрыс болар еді. Себебі, апта сайын бұл жерді жинаймыз. Қайтып келсек, қайта қоқыстар шашылып жатады.

Полигонда жатқан да, демалыс орнында шашылған да қоқыстың денін өндеуге болады. Бірер жыл бұрын бұл бағытта аулаларда арнайы қоқыс жәшіктері болды. Тұрғындардың көбі қалдықтарды сұрыптап салды. Олардың тасымалдап және қайта өңдейтін серіктестіктер де “Өндірушінің кеңейтілген міндеттемелері операторынан” қолдау тапты. Сол кездері ахуал біраз жақсарды. Бірақ, бұл оператор кейін жұмысын тоқтатты. Осылайша контейнерлер де алынып тасталды. Қазір қалдықты қайта өндейтін компаниялар саусақпен санарлық. Солардың бірі – “Радуга” серіктестігі.

ДӘУРЕН ҚАТРОНОВ, “Радуга” ЖШС директорының орынбасары:

– Өндіріске қолданатын шикізаттың бір бөлігі – қайталама шикізат. Ол – картон мен қағаздар. Полиэтилен мен бөтелкелер де қолданылады. Қазір серіктестікте 16 өндірістік учаске болса, соның 4-еуінде қайта өнделген заттар іске жаратылады. Басында біз зауыттан шығарылған кем-кетігі бар дүниелерді өндей бастадық. Бұл арқылы энергия мен ресурсты үнемдейміз. Қазір шикізатты басқа өңірлерден де алдыртамыз.

Өткен жылы 82 мың тонна қалдықтың тек 15% сұрыпталған. Қалғаны полигонға төгілген. Айта кетейік, қазір күнделікті қаладан 180 тонна қоқыс шығарылады.

 

Алдияр Айтпаев