Қоғам

Өңірде 30 мыңнан астам волонтер бар

Облыс орталығында Астана қаласынан келген “Ұлттық волонтерлік желі” ұйымының өкілдері мемлекеттік қызметкерлермен жиын өткізді. Онда волонтерлікті дамытуға ықпал ететін табысты тәжірибелер мен жол картасының жобасы туралы айтылды. Бұл бағдарламада 2027-ші жылға дейін белсенділер қозғалысының мақсаттары мен міндеттері айқындалатын болады. Мамандар елде волонтерлік жыл сайын белсенді дамуда дейді. Әсіресе, пандемия кезінде қарқын алды.

ТАТЬЯНА МИРОНЮК, “Ұлттық волонтерлік желі” ЗТБ атқарушы директоры, Астана қаласы:

– Біздің мақсатымыз – республика бойынша волонтерлікті мемлекеттік қолдау стандартын енгізу. Әр облыста іс-шара өткізудеміз. Бұған дейін 5 өңірде болдық. Еріктілердің белсенділіктері әр өңірде әр түрлі. Волонтерлер өздерінің қоршаған ортаға пайдасын тигізер нұсқаларын айтып отырады. Мысалы, біз 100 ағаш еккіміз келеді дейді. Әрине, бұндай акцияны қолдаймыз. Бұған мемлекеттік қызметкерлердің ат салысатын кездері де болады.

Белсенділер қоғамды сәл де болсын өзгертуде. Өңірде түрлі іс-шараға белсене қатысып, онымен қоса қарттарға қысы-жазы қол ұшын созады. Қаланың экологиясына да көңіл бөледі. Яғни, бір сөзбен айтсақ жүрегі таза, жаны жайсаң адамдар. Қоршаған ортаға пайдасын тигізуге және тұрғындарға көмек көрсетуге мемлекеттік қызметкерлер де тартылуда.

ЕЛЕНА СКАКУНОВА, СҚО “Birgemiz” волонтерлік фронт-кеңсесінің үйлестірушісі:

– Соңғы жылдары қатарымызға мемлекеттік қызметкерлер қосылып жатыр. Олармен түрлі іс-жоспар ойластырып жатырмыз. Кім көмекке мұқтаж -соларға жәрдем береміз. Тұрғындар біздің кеңсеге өздері қоңырау шалады. Олардың көбі киімге, жиһазға мұқтаж.

Айта кетейік, өңірде 30 мыңнан астам ерікті бар.

 

Гульден Симбаева