Ауыл шаруашылығы

Үкімет отырысында орақ науқанының барысы баяндалды

Биыл аққайыңдар өлкесінде 4,5 млн гектарға тұқым себілді. Соның 3,4 млн гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі. Қазір осы өнім күн-түн демей орылып жатыр. Диқандарға ауа райы кедергі келтіргені белгілі. Қолда бар дерекке сүйенсек, жауған жаңбырдың мөлшері айлық нормадан біршама асып түскен. Бірақ, соған қарамастан техникалық дайындықтың арқасында жатқан астық қысқа мерзімде жиналыпты. Бұл жайлы Үкімет отырысына қашықтықтан қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов мәлімдеді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Бүгінгі таңда 1,8 млн гектар немесе 53 процент жиналды, 1,9 млн тонна бастырылды. Өнімділігі гектарына 10,5 центнерді құрайды. Облыста 317 астық кептіргіш іске қосылды. Бір күнде 240 мың тонна астықты кептіруге мүмкіндік береді. Өңірде астықты сақтау орындары жеткілікті. Олардың сыйымдылығы – 6,9 млн тонна. Бұл астықтың сақталуын толық қамтамасыз етеді. Егін жинау барысына жедел мониторинг жүргізетін жұмыс тобы құрылды. Егінді уақытылы жинап алу бақылауда болады.

Астықты кептіру – ендігі негізгі жұмыстардың бірі. Бұл іске өңірімізден қосымша 10 мың тонна дизель отынын бөлуге өтінім жолданыпты.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Сөз соңында қоса кетейік, облыс элеваторларына 500 мың тоннадан астам астық түскен. Оның 325 мың тоннасы – үшінші кластағы бидай. Сонымен қатар, келесі жылғы егіске деп шамамен 250 мың тонна немесе 50 проценттен астам тұқым жиналыпты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, деп баяндамасын түйіндеді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.

 

Байболат Култанов