Мәдениет

Жастық шақ әуендері

Қоңыр күз. Жанға жайлы ауа райы және көңілге ыстық, сағындырған әндер. Мұндай керемет үйлесім қала тұрғындары мен қонақтарын бір қуантты. Петропавлда “жастық шақ әуендері” атты облыстық ретро-әндер фестивалі өтті.

САНДУҒАШ ЖОЛАМАНОВА, облыстық халық шығармашылығы және мәдениет-бос уақыт қызметі орталығы директорының орынбасары:

– Бұл фестиваль бізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Облыстың 13 ауданынан келген әншілер қатысады. Фестивальдің мақсаты – ескі, есті әндерді еске алып, қала тұрғындары мен қонақтарын бір қуанту. Тек әндерді емес, олардың авторларын да насихаттау мақсатында өтіп жатыр.

Ескі әнді естіген жандардың құлағы елең атты. Көзді ашып-жұмылғанша сахна алаңы адамға лық толды.

Есіл ауданының тұрғыны Мерей Шаяхметов “Біздің ескі үй” атты әнді орындап, құлақ құрышын қандырды. Бұл әнді естігенде көзге жас алмау мүмкін еместей болды. Ыстық естеліктер жанды жадыратты. Бірақ, қазір көп қара шаңырақтың қаңырап бос қалып жатқаны көңіл құлазытты.

МЕРЕЙ ШАЯХМЕТОВ, Есіл ауданының тұрғыны:

– Қазір барлығымыз қалаға көшіп жатырмыз. Бірақ, ауылды ұмытпау керек. Бәріміз ауылдан шықтық, ауылды көтеру қажет. Қазір бәрі шаңырақтан кетіп жатыр. Ауылдар жабылуда. Жолдар жоқ. Сол үшін ауылдардың жағдайын көтеріп, өркендетсек жақсы болар еді. Бұл өзі – мұңды ән. Әр сөзінде үлкен мағына бар. Өзім Тауағаш ауылынанмын. Сонда туып өстім. Бірақ, қазір осы қалада тұрып жатырмын.

Бұл фестивальдегі атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Орта жастан асқан буын өкілдері жалындаған жастық кезін еске алып бір марқайды. Көңіл-күйлері әп-сәтте өзгеріп, жас балаша қуанды. Сәл тұрса сыздап ауыратын аяққа қарамай мың бұрала биледі. Ал, бірде көздеріне жас алып, ұйып отырып тыңдады. Ол ол ма, бұл кеш тіпті жаңа таныстықтың алаңы болды. Бір толқында жүрген кісілер жаңа замандас тапты.

– Жақсы, ұнап жатыр. Аққайың ауданынан келдік. 0:12 Бұрынғы уақымызды, жаз кезімізді еске түсіріп, қуанып тұрмыз. Әдейі осы әндерді тыңдау үшін келідк.
– Жас кезімізде бәріміз де ән айттық. Ол әндерді қазіргі әндермен салыстыруға болмайды. “Құрдастар” әнін айтты. Қатты ұнады. Жастық шақ бәрімізге ыстық.
– Мұндай “жастық шақ әндер, ретро әндер” бізге жиі-жиі болып тұрса жақсы болар еді.

Фестивальдің барлық қатысушысы диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ал, көрермендер бұл атмосфераны қимай-қимай қоштасты.

 

Аснурия Абдула