ТКШ

Петропавлдағы көпқабатты үйлердің 99,4% қысқа дайын

Бірер айдан кейін солтүстік өңірге қылышын сүйреткен қыс келеді. Сарышұнақ аяз бен ақтүтек боранда көпқабатты үйлер тиісті деңгейде жылытылуы үшін олар қазіргі кезеңде дайындықтан өтуі керек. Яғни, жаз бен күздің басында құбырлар жуып-шайылуы қажет. Мұндай жұмыс бүгін Бөкетов көшесінде орналасқан 61-ші үйде атқарылды.

“Евродом” басқарушы компаниясының мамандары құбырларда қысымды арттырды. Осылайша, желідегі артық ауа мен су сыртқа шықты.

АНДРЕЙ ЧЕКУНОВ, “Евродом” БК маманы:

– Құбыр 40 минут қысымда болады. Артынша жуып-шаю жұмысы жүргізіледі. Мұның барлығы бірнеше сағатқа созылады. Бүгін шаруа аяқталады. Біз 61-ші үйге былтырдан бері қызмет көрсетеміз.

Бөкетов көшесінде орналасқан 61-ші үйді қысқа дайындау не себепті кеш жүргізілгені белгілі болды. Баспана тұрғындары жаздың соңына таман пәтерлерінде жөндеу жүргізіпті. Мұндай жағдайда құбырлар жуып-шайылмайды.

ӘСЕТ ЫСМАҒҰЛОВ, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Қазіргі таңда Петропавлда орталықтандырылған жылыту желісіне 1 135 көпқабатты үй қосылған. Бүгінгі жағдай бойынша 1 128 үй жылу қабылдауға дайын.

Болжам бойынша петропавлдықтарға жылу қыркүйек айының соңында беріледі. Осы орайда негізгі ережені еске сала кетейік, егер ауа температурасы 3 тәулік көлемінде +10 немесе одан да төмен болса, нысандар жылытыла бастайды. Бірақ, әлеуметтік маңызы бар ғимараттарды ерте қосуға болады. Ол үшін мекеме тарапынан “Петропавл жылу жүйелері” серіктестігіне өтініш жазылуы тиіс.

 

Байболат Култанов