Қоғам

Еңбек күні қарсаңында жүлдегерлер марапатталды

2013 жылдың 22 қарашасынан бері елімізде “Еңбек күні” аталып өтіледі. Қыркүйек айының соңғы жексенбісі болып белгіленген дата қарсаңында үздік мамандар құрметке бөленеді. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Бүгін Солтүстік Қазақстан электр желістік тарату компаниясы қабырғасында облыстық «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

МИРАС САБАҒАНОВ, СҚО еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– «Еңбек жолы» байқауы 3 номинациядан тұрады. Сайыста осы кәсіпорынның 3 маманы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Биыл бұл шараға облыс бойынша 39 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Енді 22 қыркүйек күні жеңімпаздар өңіріміздің намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.

Солтүстік Қазақстан электр желістік тарату компаниясынан «Үздік еңбек әулеті» номинациясында Должиковтер отбасы 3-орынға ие болды. Кәсіпорында Александр Должиков қызы және ұлымен бірге жұмыс істейді. Бұл салада 37 жылдық еңбек өтілі бар. Борис Огневец те осы кәсіпке 40 жылға жуық уақытын арнапты. Ол аталмыш конкурста «Еңбекші жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша 2-орынға ие болды.

БОРИС ОГНЕТЦЕВ, “СҚ ЭТК” АҚ жетекші инженері:

– Өткен жылы біліктілігімді арттырдым. Әріптестерім ұжымға жетекші болуды маған сеніп тапсырды. Менің міндетіме қызметкерлерге жұмысты бөлу, тапсырмалар беріп, оның орындалуын тексеру кіреді. Қазір жас мамандар да ұжымға қосылуда. Жақсы қызметкер болу үшін кем дегенде жарты жыл тынбай еңбек ету керек.

Салтанатты марапаттау рәсімі ары қарай ән-шашумен жалғасты.

 

Ақжүніс Мұқатай