Қоғам

Таза бейсенбілік

Бүгін – таза бейсенбі күні. Облыс орталығындағы Абылай хан резиденциясында тазалық шарасы өтті. Оған мұражай қызметкерлері, қоғам белсенділері және “Amanat” партиясының мүшелері атсалысты. Қолдарына тырма және сыпырғыш ұстаған жандар іске белсене кірісті. Жалпы, музейдің сыртқы аумағы 2 гектарға жуықтайды.

ӘСЕМГҮЛ ҚЫДБЕКОВА, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:

– Бүгінгі өтіп жатқан шарамыз өте маңызды деп есептеймін. Тазалық шарасы біздің музейімізде көктем мен күзде әр бейсенбі және жексенбі күндері болып тұрады. Себебі, аумағы үлкен. Тазалаумен қатар әрдайым гүлдендіріп отырамыз. Гүлзарларға гүл отырғызамыз.

Музей – тұнып тұрған тарих. Абылай ханның ақ үйі ЮНЕСКО көлемінде зор маңызға ие. Сондықтан, төл тарихымызды танытатын кешеннің әрдайым мұнтаздай таза болуы шарт. Бүгінде резиденцияда 30-дан астам адам жұмыс істейді. Жалпы, мекеме 2008 жылы қайта құрылған. Осы орайда, музейдің құрылуына өлкетанушы Жақсыбай Самраттың қосқан үлесі зор.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, өлкетанушы:

– Бұл музей кешені 2008 жылы қайта ашылды. Президенттің өзі келіп ашқан болатын. Өте маңызды мұра. Себебі, бұл – Абылай ханнан қалған жалғыз ескерткіш. Музейді қалпына келтіру, құжаттарды іздеп табу мәселесі өте қиын болды. Санкт-Петербургке, Мәскеуге іздеп бардық. Ақырында Мәскеуден табылды. Мен жекешелендіру комитетінде жұмыс істеп жүргенде үй “Дом Абылая” деп тіркелген болатын. Негізінен, сол құжатқа сүйеніп іздедік. Сөйтіп, үйдің болғанын дәлелдеп шықтық. “Мәдени мұра” бағдарламасы шеңберінде қалпына келтірілді.

Тарихи орындардағы осындай игі іс биыл алғаш рет өтуде. Жалпы, бүгінде өңірде 17 музей бар. “Amanat” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов тазалық істері әрдайым белсенді түрде өткізіліп тұратынын айтты.

ЖЕҢІС АСАНОВ, «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:

– “Amanat” партиясында “Таза Like” деген жоба бар. Ол жобаны “Жастар Рухы” жастар қанаты іске асырады. Өздерінің белгілеген жоспары бойынша қала және облыс аумағында тазалық және экологиялық шараларын өткізеді. Жыл ішінде біраз іс тыңдырдық және әрдайым жүргізілетін болады.

АСНУРИЯ АБДУЛА:

– Жалпы, бүгінгі таза бейсенбілікке 30-дан астам адам мен 1 техника жұмылдырылған. Мұндай тазалық шарасы алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.

 

Аснурия Абдула