Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Мүгедек бала мен шарасыз ананы алаңдатқан мәселе

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазіргі таңда баспаналы болу – көпке арман. Алайда, сол арманға қол жеткізгендердің барлығы бірдей шаттыққа бөленіп отырған жоқ. Көңілі түсіңкі жандарды сөзге тартсақ, көбісі тұрғын жайының жағдайына қатысты базына айтады. Бірақ, біз дәл қазір мүлде басқа мәселені көтермекпіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында мына үй салынып, халыққа тапсырылды. Бұл үйде мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ана тұрады. Бірінші қабатта емес, екінші қабатта.

Мария Иванова мен 13 жастағы баласы Николайды осы мәселе қынжылтады. Арбаға таңылған жеткіншекке 2016-шы жылы Ресейдің Қорғанында бұлшық ет дистрофиясы деген сұмдық диагноз қойылыпты. Бертін келе ауру асқынған. Дерттің салдарынан қол-аяқ пен дене жансызданып, жүрек пен өкпенің қызметі бұзылған. Қазір бала күннен-күнге толып барады. Оны далаға шығару қиын. Науқас ұлын аулада серуендетіп, таза ауа жұтқызу – жұқатай келген анаға іргедегі Жаман тауға мініп-түскенмен бірдей.

МАРИЯ ИВАНОВА, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Далада серуендеп, күн сәулесін көрмегесін балама Д дәрумені де жетіспейді. Бұрын ұлым өте белсенді болды. Шахмат ойнады, ән айтты, түрлі іс-шараларға қатысты, тіпті, Петропавлда өткен байқауда бақ сынады. Сол күндерді сағына еске аламын. Үнемі үйде отырғасын балалармен араласудан да қалды. Тек ауруханада қатарластарымен қауышып, ойнағадай болады.

Жерлестеріміз жақында ғана ауруханадан келіпті. Ем алу кезінде Мария дәрілерден тағы бір жағымсыз жаңалық естіген. Науқас ұлының қант диабетіне шалдығу қаупі бар. Бұл ақпар жығылғанға жұдырық болып тиген екен. Бауыр еті баласы үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған ана Николайды екінші қабатқа дейін пандус қойылғанда далаға шығаруға болар еді дейді. Подъезбен таныстық. Мұндағы алғашқы қабатқа, нақтырақ айтсақ, алғашқы 6 баспалдаққа ғана арбаны түсіріп, көтеруге арналған темір орнатылыпты.

МАРИЯ ИВАНОВА, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– 2020 жылы осы коммуналдық-арендалық үйдің кілті тапсырылған кезде 1-ші қабаттан баспана сұрадым. Сол уақытта 1-ші қабатта 3 бөлмелі пәтер бос тұрды. Алайда, әкімдік өкілдері оған кіру үшін 4 немесе 5 бала болу керек деді. Жағдайды түсіндіруге тырыстым. Өкінішке қарай, бірде-бірі біздің қалауымызды орындамады.

Қазір Николай Иванов үйден оқиды. Арбаға таңылған оқушы телефонның тілін жетік біледі. Бір орында отырып жаттығу да жасайды.

Мүгедек баланың іс-әрекетіне қарасаң, көңіл құлазиды. “Бала тілі – бал” дегендей, айтқандарын тыңдасаң, жымың қағып та қаласың. Ең басты арманы – аяққа тұру, жүру.

НИКОЛАЙ ИВАНОВ:

– Скажи, если бы у тебя была волшебная палочка, что бы ты себе загадал? – Гулял, в школу ходил, встал бы рано и в школу пошел.

Мүгедек бала мен шарасыз ананы алаңдатқан мәселемен аудандық әкімдік өкілдеріне жүгіндік. Осыдан бірнеше жыл бұрын пәтерлерді бөлу кезінде неге мұндай ағаттық кеткенінен шенеуніктер хабарсыз. Жақында проблеманы біржақты етуге кірісіпті. Әзірге қолдан келетіні – екінші қабатқа дейін пандус орнату.

ГҮЛСАРА ӘБІЛҚАСЫМОВА, Есіл аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Тамыз айында пандус алу үшін конкурс жарияладық. Конкурсты елордалық “Әлинұр” ЖК жеңіп алды. Пандус 5-ші қыркүйекте орнатылуы керек еді. Әлі орнатылмады. Хабарластық. Айтуларынша, пандусты осы аптада орнатады.

Әкімдік өкілдері бұған дейін Мария Иванованың өтініші бойынша тұрғын үйге барып, тұрғындармен кездесіпті. Алайда, бірінші қабаттағы есілдіктер пәтер ауысуға келісім бермеген. Шенеуніктер мәселені аяқсыз қалдырмаймыз деп сендірді. Егер біреу көшсе, соның баспанасына тағдырдың тәлкегіне ұшыраған отбасы кіреді.

 

Байболат Култанов