Денсаулық сақтау

Шетелдік азаматтарды емханаға тіркеу ережелері өзгерді

Енді 2 күндесін елімізде емханаға тіркеу науқаны басталады. Жыл сайынғы дәстүрлі шара қарашаның 15-ші жұлдызына дейін жалғасады. Биыл бұл істе сәл өзгеріс бар. Жаңашылдыққа журналистермен жүздескен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына қарасты бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова тоқталды.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Биыл еңбек мигранттары – шетелдіктерді емханаға тіркеу ережелері өзгерді. Енді олар емханаға келісімшартпен немесе ерікті медициналық сақтандырумен, сондай-ақ, жүктелген медициналық сақтандыру шартымен барулары керек. Жаңа ережелер ағымдағы жылдың 14 тамызында күшіне енді.

Алайда, бұл жаңашылдық Қазақстанға келген мигранттардың барлығына қатысты емес. Өзгеріс тек Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшін қабылданып отыр. Олар: Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения азаматтары. Заңға сәйкес, шекара асқандардың отбасы мүшелері де емханаға тіркеліп, ақысыз негізде қызмет алады.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Шартта шетелдіктердің денсаулық сақтау саласындағы құқығы ғана емес, міндеттері де жазылған. Олардың қатарына ауруларды ерте анықтау үшін профилактикалық скринингтерден уақытылы өту, әйелдерді жүктілік бойынша уақтылы есепке қою (12 аптаға дейін), созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды динамикалық байқау және т.б. кіреді.

Ал ҚР азаматтары, қандастар және ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін емханаға тіркелу тәртібі өзгеріссіз қалады.

 

Байболат Култанов