Спорт

“Qyzyljar” ФК жастар командасы өз алаңында қарағандылықтарды қабылдады

“Жастар” стадионында жастар сынға түсуде. Алаңда – “Qyzyljar” мен “Shakhter” ФК-ның қосалқы құрамы. Ел біріншілігі аясында өтіп жатқан нақ осы ойын балалар футболының жаттықтырушысы және омбылық “Ертіс” футбол клубының бұрынғы қақпашысы Сергей Мясковскийді еске алу құрметіне өткізілуде.

Ойын көркі ә дегеннен қызды. Қос ұжым ойыншылары шабуыл жасап, бір-бірінің қақпасын торуылдап жүрді. Нәтижесінде ойынның 36-шы минутында қонақтар қызылжарлықтарға гол салды. Араға бірнеше минут салып жерлестеріміз есепті теңестірді. Осылайша 1-ші таймда 1:1 есебі тіркелді.

АЛМАЗ РАМАЗАНОВ, “Qyzyljar Ж” ФК ойыншысы:

– Қонақ команда өте мықты. 1-16 Бұл командамен талай рет кездестік. Футбол орталығында жүрген кезде де ойнап жүрдік. Ұжым әркезде де мықты болған.

Жалпы, ел біріншілігінде жергілікті ұжым жеңіс пен жеңілісті қатар көріп жүр. Қазіргі таңда ұжым турнирлік кестеде 8-ші орында.

АНТОН БОРИСОВ, “Qyzyljar Ж” ФК қақпашыларының бапкері:

– Әр ойынға тыңғылықты дайындаламыз. Бір апта бұрын қарсыласымызды зерттейміз. Жаттығумен қатар теориялық сабақтар да өткіземіз. Чемпионат барысында әлі 5 командамен кездесеміз.

Біріншілік аясындағы кезекті ойынды жергілікті ойыншылар қыркүйектің 20-сы күні өткізеді. Онда петропавлдықтар көш басындағы азулы “SD FAMILY” командасымен күш сынасады.

 

Алдияр Айтпаев