Спорт

Солтүстікқазақстандық спортшылар кезекті жеңіске қол жеткізді

Ұлттық спортты ұлықтап жүрген солтүстікқазақстандық спортшылардың кезекті жеңісі. Қыркүйектің 4-і мен 10-ы аралығында Астанада ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль өтті. Жарыста жекпе-жектен өңір намысын қорғаған командамыз алтыннан алқа тағынып қайтты.

ЖАЛҒАС ТОРТУЛОВ, СҚО жекпе-жек федерациясының президенті:

– Әр салмаққа бір адамнан апардық. 13 ер адам және 6 қыз болды, жеті 3-ші орын, бір 2-ші орын алдық. Бұл жарысқа 50% жаңа құрыммен бардық. Жас, енді ғана өздерін көрсетіп келе жатқан спортшылар қатысты. Биыл бірінші әйелдер командасы толық құрамда сайысты.

Жүлдеге іліккендердің бірі – Жанат Именалинов. Жерлесіміз жарыста 65 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Өкінішке қарай, тепсе темір үзер спортшы жартылай финалда батысқазақстандыққа жол берген.

ЖАНАТ ИМЕНАЛИНОВ, жекпе-жектен спорт шеберлігіне үміткер:

– Жекпе-жекке келгеніме бірнеше жыл ғана болды. Бұған дейін бокспен айналыстым. Жарысқа келер болсақ, жоғары деңгейде өтті. 20 облыстың кіл мықтылары келді. Кездесулер тартысты өтті. Бұл бәсекеге көп дайындалдық. Жеңіс сол еңбектің арқасында бұйырды.

Енді жерлестеріміз желтоқсанда өтетін жарыстың алтынына үміттеніп отыр. Қыста ел чемпионаты кубогы өтеді. Өңір намысын қорғайтын жастар қазірден бастап дайыққа кіріспек.

 

Алдияр Айтпаев