Балалар

Оқушылар жаңа автобуспен қалай қатынауда?

Оқу жылы алдында өңірдегі 20-дан астам мектепке су жаңа автобустар берілді. Мамлют ауданында көлікпен қос елді мекеннің мектебі қамтылды.
Бірі Новомихайловкаға берілсе, екіншісі Мамлютка қаласына үлестірілді.
Мұндағы қазақ мектеп-интернатында 90-ға жуық бала оқиды.
Соның тең жартысы интернатта тұрса, қалғаны күнделікті үйден автобуспен қатынайды.

АРУЖАН ТӨЛЕПБАЕВА, Мамлютка қазақ мектеп-интернатының оқушысы:

– Маған автобус өте қатты ұнады. Себебі, ол әдемі және ерекше стильде жасалған. Мені сағат таңғы 8-де 3-ші мектептің қасынан алып кетеді. Ал сабақ біткеннен кейін сағат 14:10-да үйіме апарып тастайды. Тұратын жерім алыс.

Көлік 21 орындық болғандықтан бір кезектен бәрін бірден қамти алмайды. Сол себепті, автобус 2 рет қатынайды. Балалар ерте шығып қалып, далада тоңып, жаурамайды. Оларда әлеуметтік желіде арнайы топ ашылған. Автобустың қозғалыс кестесі сонда жазылады.

ЕРІК ҒАББАСОВ, Мамлютка қазақ мектеп-интернатының директоры:

– Тасымалдау кестеге сай. Әрбір аялдамада өзінің уақыты бар. Жұмысшы кентінен келетін оқушыларымыз да бар. Ең бірінші бағыт Жұмысшы кентінен басталады және мектеп-интернат болғаннан кейін әр жұма күні оқушыларды елді мекендерге апарамыз. Жексенбі күні оларды кері қарай мектепке алып келеміз.

Ал Краснозаменное орта мектебінің оқушылары осыдан 2 жыл бұрын берілген автобуспен қатынайды. Білім ұясында 120 бала оқиды. Оның 10-ы көрші ауылдан.

НАТАЛЬЯ ПФУНТ, Краснознаменное орта мектебі директорының міндетін атқарушы, Мамлют ауданы:

– Беловка ауылынан күнделікті 10 бала тасымалданады. Ауыл бізден 12 шақырым жерде орналасқан. Жол 15-20 минутты алады. Сондай-ақ, балалар мектепте қандай да бір іс-шараға қатысқан кезде де үйлеріне апарып тастаймыз.

Жалпы, Мамлют ауданында 20-дан астам мектеп бар. Бүгінде оның барлығы оқушы тасымалдауға арналған автобуспен қамтылған.

 

Гульден Симбаева