Қазақстан жаңалықтары

Қазақстанда балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, сондай-ақ олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі жаңа шаралар 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде іске асырылуда

Тиісті қаулыға ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойды. Құжат 2022 жылдың жазында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Оның шеңберінде облыстар, аудандар және қалалар бөлінісінде балалар ортасындағы құқық бұзушылықтар туралы өзекті ақпарат көрсетілетін тәуекелдердің интерактивті картасы құрылады. Бұл сапалы мониторинг жүргізуге және “дағдарысты басқару” әдісі бойынша шұғыл көмек көрсетуге көмектеседі.

Кешенді жоспардың арқасында кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтар саны айтарлықтай азаяды деп күтілуде. Жоспарды іске асыру барысында республикада қосымша 1 мың педагог-психолог және 2 мың әлеуметтік педагог дайындалады. Бұл ретте жыл сайын біліктілікті арттыру шараларымен қамтылған балалардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін педагогтердің үлесі 33% – ға өсетін болады.