МТРА жаңалықтары

Петропавлда “INHUB PETROPAVLOSK” бизнес-инкубаторы іске қосылды

Қазақстанда ашылып жатқан кәсіп жетерлік. Бірақ, көбі 3 жыл өтпей жатып өз ісін тоқтатып жатады. Бұған жоспардың дұрыс құрылмауы, қолдаудың болмауы және т.б. жағдайлар себеп. Осы орайда жас стартапшыларды қолдау мақсатында өңірімізде “INHUB PETROPAVLOSK” бизнес-инкубаторы құрылды. Оның ашылу салтанатында “Бизнес-инкубатор” сөзіне ұйымның жетекшісі Нұргүл Болатова түсініктіме бере кетті.

НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, “INHUB PETROPAVLOSK” бизнес-инкубаторының жетекшісі:

– Бизнес-инкубатор деген не? Бұл сөз бізге таңсық болуы мүмкін. Себебі, бұл – өңірімізде іске қосылып жатқан осындай алғашқы жоба. Негізі, көпшілік “инкубатор” сөзін құс өсірумен байланыстырады. Енді бұның бизнеске де қатысы бар. Яғни, біздің мақсатымыз – жас кәсіпкерлерді қолдау, оларға кеңес беру және аяққа тұруына көмектесу. Алғашқы қадамды да жасап қойдық. 14-ші тамыз бен 1-ші қыркүйек аралығында “Жасанды интеллект” атты өз курсымызды өткіздік. Оған 160-тан астам адам қатысуға өтініш білдірді. 60-ы курсты аяқтады.

Қанат Сейітжан ҰҰ әскери академиясында автоматтандыру бөлімінің аға-инженері болып жұмыс істейді. Мамандығы – информатика пәнінің мұғалімі. Әскери оқу орнындағы IT саласын дамытып, өз үлесін қосқысы келеді. 36 жастағы азаматтың мақсаты – озық технологияның көмегімен басқарылатын “Ақылды әскери қалашық” құру.

ҚАНАТ СЕЙІТЖАН, ҚР ҰҰ әскери академиясы автоматтандыру бөлімінің аға-инженері:

– Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында айтқандай елдегі IT саласын дамыту керек. Бұдан Ұлттық ұлан да қалыс қалмағаны жөн. Негізінен, бізде көп көңіл әскери бағытқа, техникаларға бөлінеді. Ал IT сәл артта қалып тұр десек болады.

Сәнжан Нұрмұханбет – Қозыбаев университетінің 2-ші курс студенті.
Замандастарымен бірге “IT-ферма” атты экологиялық жоба әзірлеп, оны Астанада өткен “ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2023” байқауына қорғап шыққан. Нәтижесінде жобаны іске асрыу үшін 2 жарым млн теңге грант ұтып алыпты.

СӘНЖАН НҰРМҰХАНБЕТ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Әр түрлі жануарларды, соның ішінде балықтарды өсіреміз. Ауа райына, климатқа тәуелді болмаймыз. Біз балықтарды бассейнде өсірмекшіміз. Бірнеше құрылғылар қолданамыз. Олар: барлығын бақылайтын система, бассейн және гитробондық құрылғылар. Сондай-ақ, түрлі өсімдіктерді де өсіре аламыз. Бассейндегі суды өсімдіктердің топырағын құнарландыруда қолданамыз.

Шара барысында кәсіпкерлікті дамыту туралы ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Алға қойған жоспарлар нақтыланды.

 

Аснурия Абдула