Қоғам

Өнегелі отбасы

“Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ” сөзімен сипатталатын отбасының бірі де бірегейі – Смағұловтар отбасы. Қазақ пен татардан құралған жанұяның пайда болғанына 9 жылдың жүзі болыпты. Отағасы – әскери адам, ал жұбайы – ақ халатты абзал жан.

НАИЛЯ СМАҒҰЛОВА:

– Біз 9 жыл бұрын Наурыз мерекесіне арналған шарада таныстық. Ол кезде менің жасым 31-де болатын. Талғаттың жасы 37-де. Уақыт өте менің сенімді, арқасүйер адамыма айналды.

ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ:

– Танысқаннан кейін көп ұзамай үйлендік. Мен Наиляның ата-анасымен танысқан кезде оның үлгілі тәрбие алғанын түсіндім. Шаңырақ көтергеннен кейін отбасымыз толығып, қуанышымыз ұлғайды. Балаларымызға арада кейде болатын келіспеушілікті сездірмеуге тырысамыз. Себебі, ол баланың болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Қазіргі таңда жанұяның 3 баласы бар. Жеткіншектердің бойынан адамгершілік пен сыйластық қасиеттері сезіледі. Үлкені 15-те, ортаншысы 8-де болса, кішісі 6-да. Балалардың бірі биге, бірі каратеге барады.
Осы уақытқа дейін алған асулары да жоқ емес.

НАИЛЯ СМАҒҰЛОВА:

– Балалармен бірге көп уақыт өткізуге тырысамыз. Кез келген мейрамда ұлттық тағамдардан құралған берекелі дастархан жаямыз.
Балалардың бірі жақсы баға алса немесе жүлде иеленсе құттықтап, назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Бұл үрдіс олардың алға қарай жылжуына ықпал етеді.

Смағұловтардың шаңырағында қазақ, татар пен орыс халқының тәрбиесі біте қайнасып жатыр. “Отан отбасынан басталады” демекші, жанұя мүшелері отбасылық құндылықтарды аса дәріптейді.

 

Ақжүніс Мұқатай