МТРА жаңалықтары

Қаладағы қағаз фабрикасы бір жылда 1,5 мың тоннадан астам өнім шығарды

Петропавлдағы қағаз фабрикасы тура бір жыл бұрын іске қосылды. Тегеурінді өндіріс орны бүгінге дейін 1,5 мың тоннадан астам өнім шығарған. Мұнда тауардың 6 түрі шығарылады.

АНДРЕЙ ТИТОВ, Қағаз фабрикасының директоры:

– Бір жылда көп жетістікке жеттік. Ең бастысы, өнімнің сапасы артты. Өткен жылы 1 айда 50 тонна өнім өндірсек, қазір көрсеткіш 250 тоннаны құрап отыр. Тауарымызға деген сұраныс артуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен көліктер келіп, көп көлемде әкетіп жатыр. Жоспарларымыз ауқымды. Қазір өндіріс процесіне жаңа жабдықтарды жұмылдырып жатырмыз.

Мұндағы құрал-жабдықтардың барлығы қытайлық. Ең негізгісі – әжетхана қағазын жасайтын машина. Алпауыт аппараттың жұмысына Руслан Кәкімов жауап береді. Оператор қызметіндегі азамат фабрикаға қаңтар айында келіпті.

РУСЛАН КӘКІМОВ, Қағаз фабрикасының операторы:

– Бірінші макулатура ГРМ деген аппаратта сумен, бумен езіледі. Кейін жиналған атжал арнайы аймақта ұрғылаудан өтеді. Содан кейін біздің станокқа жібереді. Машинаның настройкаларын бақылаймын. Қағаздың қалыңдығын, ылғалдылығын қарап отыру керек. Стандарттарға сай нормалар бар, соны ұстану керек.

Макулатура өңірден бөлек, Көкшетау, Астана, Рудный, Қостанай қалаларынан жиналады. Жалпы, өндіріс орны сапамен қатар шығынның болмауына да мән береді. Қазір фабрикада суды үнемдеудің бірнеше әдісі қолданылуда.

АНДРЕЙ ТИТОВ, Қағаз фабрикасының директоры:

– Қағаз жасау процесінде көп су қажет. Бір рет пайдаланған суды ағызып жіберу бізге тиімсіз әрі экологияға кері әсер етеді. Сондықтан, өндіріс орны аумағында су тазалайтын аймақ бар. 1200 текше метр су тазартылып, іске қайта жаратылады. 2-ЖЭО өндірген буды да қолданып жатырмыз.

Фабрикадан шыққан өнімдер еліміздің түкпір-түкпіріне жіберіледі. Мәселен, қазір тиеліп жатқан әжетхана қағаздары Қарағандыға жөнелтілмек. Күніне өндіріс орнына мұндай көліктердің 3-4-еуі келеді. Айта кетейік, тегеуріні артып келе жатқан фабрика басшылығы қатарға тыңнан жұмысшылар алуға әзір.

 

Алдияр Айтпаев