Мәдениет

Архившілер Аққұсақ қонысына экскурсия жасады

Пресновка маңындағы Аққұсақ қонысы жалпыұлттық қасиетті жерлер картасына енді. Бұл жерде 1918 жылы алашордалықтардың тарихи құрылтайы өткен. Міржақып Дулатов бастаған топ жиналып, халыққа Алаш үкіметінің негізгі мақсаты мен мемлекеттің қалыптасып, нығаюы үшін әскердің қажет екенін айтқан. Оны халық бірауыздан қолдап, қолдау көрсеткен екен. Сол жиынға 10 мыңға жуық адам жиналған. Ауқымды жиын Аққұсақ жерінде болыс болған Әлтидің баласы Сәдуақастың жерінде өткен.

ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, өлкетанушы:

– Әлтидің мықтылығын айтатын болсақ. Әлти Қорғандағы Азия банкінің 4 құрылтайшысының бірі болған. Кегенскиймен бірге оқыған. Сонымен таныс болған. Осы жердің тарихын айтатын болсақ, ол міндетті түрде Әлтидің тарихына келіп жолығады.

Бұл жерге еліміздің белгілі тарихшылары мен ғалымдары келіп, ойларын ортаға салды, тұжырымдар жасалды.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Әлти қажы өзінің қаншама туыстарына, қол астындағы азаматтарға қамқор болып оларға жұмыс берді. Қызылжар өңірінің сауда-саттығын дамытты.

Биыл көктемде Аққұсақ қонысына үлкен тас белгі қойылып, 240 га аумақты қамтитын мемориалдық кешен салынбақ.

 

Гульден Симбаева