Денсаулық сақтау

МӘМС жүйесінің тиімділігі

Қазақстанда клиникалық диагностикалық қызметтердің қолжетімділігі 7 есеге артты. Ал тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту көрсеткіші 62,5 пайызға жетіп отыр. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмысының қорытындысы шығарылып, жетілдіруді қажет ететін бағыттар айтылды.

ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

– Денсаулық сақтау саласында шығындар өсіп жатыр деп айтамыз. Биыл саланы қаржыландыру 2,5 триллион теңгеге артты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында бір тұрғынның денсаулығын қарау құны орташа есеппен 2 есеге ұлғайды. Яғни, 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін көбейді. Медициналық қызмет көрсетушілердің саны да 1300-ден 2 мыңға дейін жетті. Ал жекеменшік медициналық ұйымдардың саны азайып отыр.

Медициналық сақтандыруды енгізудің арқасында мамандардың табысы да артты. Тегін дәрі-дәрмек жайына қайта оралайық. 2019 жылы 2,5 миллион адам ақысыз негіздегі препараттар алыпты. Ал былтыр бұл көрсеткіш 4 миллионға дейін өскен. “Аңсаған сәби” бағдарламасы да
біраз жұптың арманын орындады.

ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

– «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында бедеулік диагнозы қойылған 8 мың жұп ата-ана атанды. Ал ЭКО әдісінің арқасында 5 мыңға жуық бала дүниеге келді. Бұл әдіс айтарлықтай қымбат екенін білеміз. Бір цикл 1 миллион теңгеден астам ақшаны талап етеді.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 3,5 миллионға жуық азамат МӘМС жүйесімен қамтылмаған.

 

Гульден Симбаева