Қоғам

Елде 134 мың студент жатақханаға мұқтаж

Биыл Қазақстанда жатақханаға мұқтаж студенттер саны 134 мыңды құрайды. Ал елде 380 жатақхана бар. Ондағы төсек-орындар 106 мыңнан асады. Статистикаға сүйенсек, бұл мәселе 3 өңірде аса өзекті болып тұр. Алматы мен Астана тізімнің басында. Бір қызығы, үштікті халқы көп аймақтар емес, өзіміздің Солтүстік Қазақстан облысы тұйықтайды.

АҚЕРКЕ АБЫЛАЙХАН, ҚР ҒЖБМ Жоғары және оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:

– Республикада орын қажеттілігі 23 мыңнан асады. Былтырғы жылғы орын тапшылығымен салыстырғанда төмен. Өткен жылы орын тапшылығы 69 мың болатын. Бұл мәселе қалай шешілуде? Бүгінгі күні еліміздің 58 ЖОО-сы 182 нысан немесе 24 560 орындық жатақханамен келісімге отырды. Сонымен қатар, хостелдермен де келісімге келдік. Онда тек студенттер тұру қажет.

Бірақ, бұл уақытша. Жатақханалардан орын табылғасын хостелдер мен қонақ үйлерде тұрып жатқан студенттер көшіріледі. Себебі, қалтаға салмақ түсейін деп тұр. Аз-кем сандарды сөйлетейік, хостелде тұру үшін әр адам 30 бен 60 мыңның аралығында ақша төлеуі тиіс. Ал жатақханада 3 пен 20 мыңның арасында төлем жасалады.

АҚЕРКЕ АБЫЛАЙХАН, ҚР ҒЖБМ Жоғары және оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:

– Әрине, бұл студенттер үшін арзан емес, бірақ пәтер жалдап тұрудан тиімді. Студенттерге грант бойынша орын берілді. Жатақханаларды бөлу мәселесінде әлеуметтік аз қамтылған және ауыл-аймақтан келген балаларға басымдылық беріледі.

Келешекте әр жоғары оқу орнының жанынан ситуациялық және кризистік орталық құрылады. Мұндағы мамандармен студенттер тұрып жатқан жерінде қандай да бір мәселе туындаған жағдайда байланыса алады.

АЙСҰЛУ ЕРНИЯЗОВА, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі-студенттік омбудсмен:

– Біз еліміздегі барлық университетте мониторинг жүргіздік. Мақсат – студенттердің қандай жерде тұратына көз жеткізу. Бұның қорытындысын министрге жібердік. Биыл кейбір балалар хостелдерде тұрады. Ондағы ереже жатақханадағыдай болады. Студенттер тек кешкі 11-ге дейін ғана кіре алады.

Студенттер жалдап тұратын пәтер төлемдерін субсидиялау мүмкін бе? Брифингіде осы сұраққа да жауап берілді. Министрлік өкілдерінің сөзінше, қазір бұл тәсіл қарастырылып жатқан жоқ.

 

Гульден Симбаева