Қоғам

Солтүстікқазақстандық қоғам белсенділері жолдауға ой қосты

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен аймақтарға барғанда ойы ұшқыр, яғни, креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз қажет. Аймақтардағы ЖОО-ның негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құруымыз керек. Оны нақты сектормен ынтымақтаса отырып, жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу қажет. Астана қаласының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн.

Әңгіме «Медия», «Кино», «Музыка», «Дизайн» жайында. Өзге елдерде шығармашылық индустрия экономиканың қозғаушы күшіне айналған. Ал бізде оның жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі тіпті 1 пайызға да жетпейді. Жұмыспен қамту үлесі де өте төмен. Президент айтқан креативті орталықтар қазір еліміздің 3 мегаполисінде шоғырланған, ал аймақтарда мүлде жоқ. “Таланттарды тартатын орындар әр облыс орталығында болуы керек”,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының бұл пікірімен облыстық іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Дина Мұхамбетжанова толық келіседі.

ДИНА МҰХАМБЕТЖАНОВА, өңірдің Іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры:

– Қазір әлемде креативті индустрия дамып келеді. Бұл біздің облыс үшін маңызды болады деп ойлаймын. Өйткені, бізде “креативті индустрия” бағытын ұстанатын жастар өте көп. Оларға қазірден жағдай жасалса, болашақта мол жетістікке жетеді.

Жолдауда Президент мемлекеттік сатып алуға да тоқталды. Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жүйенің проблемаларын жоятын жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырды. Осыған орай Үкімет бюджетті ұтымды пайдалануға ықпал ететін жаңа заң әзірледі. Ең басты ұстаным – отандық тауар өндірушілердің толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ауқымды жұмыс атқарылмақ. Ұлттық бизнестің мүддесі бірінші орынға қойылады. Бұл жөнінде «Қазақстанның болашағы үшін» қауымдастығының төрағасы Рүстем Арманов өз ойын білдірді.

РҮСТЕМ АРМАНОВ, «Қазақстанның болашағы үшін» қауымдастығының төрағасы:

– 22-ші жылы камералдық бақылаудың байқауы бойынша 1 трлн теңгенің айыппұлы салынды. Мемлекеттік сатып алу төңірегінде көп шағым түсуде. Бұл тұрғыдағы заң мәселесін өзгертуіміз керек деп санаймыз. Мәселен, бір адамның шағымы расталмаса, оған айыппұл салынса, онда әділеттікке қол жеткіземіз. Себебі, түсетін шағымдар мемлекеттік сатып алудың өту барысына, уақытына әсер етеді. Мемлекеттік сатып алу арқылы балалар тамақпен қамтылатындығын ескергеніміз жөн.

Президент айтқандай, мемлекеттік сатып алу жүйесіне алғаш рет «басынан бақайшағына дейін» жасау тәсілі енгізіледі. Сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, «баға емес, сапа» қағидатына басымдық беріледі.

 

Алдияр Айтпаев