5-ші қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл атаулы датаның тарихы 1989 жылдан бастау алады. Сол жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданып, Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді. Ал бұл мереке 1998 жылдан бері аталып келеді. Облыстық кітапхана қабырғасында ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі мақсаты -ана тіліміздің мәртебесін көтеру.
ДАМИРА СЕРІКБАЕВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:
– Іс-шара барысында тіл туралы, тіл мәртебесі, тіл заңдылығы жайында баяндамалар оқылады. Сонымен қатар, қатысушылар тіл туралы жазылған өздерінің авторлық өлеңдерін және де ақындардың шығарған өлеңдерін оқиды. Іс-шара соңында тіл тақырыбына арналған кітап көрмесімен де таныса алады.
Іс-шараға №7 орта мектептің 10-сынып оқушысы Полина Чуряк та қатысты. Оның сөзінше, мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұруы керек. Себебі, бұл ұлтаралық қатынастарды жақсартып, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері мен тілін құрметтеуге шақырады. Полина қазір қазақ тілін үйреніп жатыр екен.
ПОЛИНА ЧУРЯК, оқушы:
– Мұндай іс-шаралар өзге тілді, өзге салт-дәстүрді сыйлауға шақырады. Өзім осындай жиындарға шақырған кезде міндетті түрде қатысуға тырысамын. Қазақ тілін білу – барша Қазақстан азаматының міндеті. Сондықтан, қазір үйреніп жатырмын.
Бүгінде еліміздегі 100-ден аса ұлтқа тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Елімізде 10-нан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Байболат Култанов