Қоғам

Жолдау жүктеген міндеттер

Цифрландыру – жаһандық үдеріс. Ол кейінгі жылдары біздің елде де даму үстінде. Алайда, жер-жердің бәрі заман игілігімен қамтылмай тұр. Мемлекет басшысы Жолдауда бұл мәселеге де тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек.

Петропавлдағы НЗМ директоры Данияр Уәлиев – саладағы кемшіліктерді бес саусақтай білетін маман. Ол цифрлық білім беру ресурстары шағын жинақты мектептердегі мәселені шешуге ықпал ететініне сенімді.

ДАНИЯР УӘЛИЕВ, химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Оқу-ағарту министрлігімен бірге жаңа жоба жасалған болатын. Жобаның мақсаты – шағын қамтылған мектептерге онлайн платформаларды цифрлық түрде енгізіп, сол жердегі білім сапасын көтеру. Жұмыс қалай жүреді? Мектепте кадр жетіспесе басқа мектептің мұғалімі онлайн сабақ береді. Бұл сапаны көтереді деп есептеймін. Себебі, маман тапшылығы жойылады.

Президент жаңа Жолдауында біраз саланы қозғағаны белгілі. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың шектен тыс қарызданғанына үкіметтің назарын тағы да аударды. Яғни, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев “Amanat” партиясының “Қарызсыз қоғам” жобасын ерекше атап өтті.

БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «Jastar Ryhy» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Өңірміздің ауыл тұрғындары өздеріне керекті оқудан өтті деп айта аламын. Бұл өзекті жоба деп ойлаймын. Қазіргі таңда біздің қаншама тұрғын өте қиын жағдайда қалып жатыр. Бұл жоба осы мәселені шешуге көмектеседі.

“Қарызсыз қоғам” жобасының арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырған екен. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған азаматтар.

 

Гульден Симбаева