Білім

Аризона университетімен бірлескен білім беру бағдарламасының жаңа оқу жылы бастау алды

Қатарға тыңнан 434 студент қосылды. Бүгін жергілікті ЖОО-да Аризона университетімен бірлескен білім беру бағдарламасының жаңа оқу жылы бастау алды. Салтанатты шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Елордалық мейман шетелдік ірі білім ордаларымен ынтымақтастық биыл да жалғасын тауып жатқандығын айтты.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

– Былтыр Аризонамен қатар, Алматыда Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалы ашылды. Атырауда Губкин университетінің филиалы пайда болды. Биыл елде тағы 6 жаңа филиал ашылады. Бұл не береді? Біріншіден, жастар қазір өңірлерден Астана, Алматыға ағылады. Ал мына филиалдар ашылғалы Солтүстік Қазақстанның өзіне халықаралық бағдараламамен 148 бала оқуға түсті.

Бұл жастар 8 өңірден келген. Биыл арман қуып аймаққа келгендер саны 3 есеге көбейді. Екіжақты білім алу үшін Қозыбаев университетіне 18 облыстан 434 студент оқуға түскен. Олар шетелдік мамандардан білім алады. Оқыту барысында жастар 1 семестр Аризона университетінің өзіне барып, білімдерін жетілдіре алады. АҚШ-та түрлі зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобаларға қатыса алады. Төрт жылдан кейін түлектер қолдарына Қозыбаевпен қатар Аризона унивеситетінің дипломын алады. Мол мүмкіндікке биыл ие болғандардың бірі – Нұралы Берікұлы. Теріскейлік азамат алысқа ұзамай өзі туып-өскен Петропавлда жоғары білім алуды құп көріпті.

НҰРАЛЫ БЕРІКҰЛЫ, Қозыбаев университетінің студенті:

– Қаламызда Аризона университетімен бірлескен бағдарлама ашылғаннан кейін осында түстім. Өзіме биотехнология мамандығы ұнайды. Бұл саланың болашағы зор деп ойлаймын. Бұл университетте шетелге шығу мүмкіндігі зор. Жақсылап оқысаң болғаны, барлығына жетуге болады.

Жиында шетелдік меймандар да сөз алды. Аризона университетінің арнайы кеңесшісі Джон Пол Джонс та арадағы әріптестіктің маңыздылығына тоқталды.

ДЖОН ПОЛ ДЖОНС, Аризона университетінің арнайы кеңесшісі:

– Өткен жылы қолға алған, бүгінде кеңейіп, тереңдетіп жатқан ынтымақтастығымыз осы өңірдің сан саладағы дамуына қуат береді десек, артық айтқандық емес. Қос тарап үшін де ең бастысы – білім саласының дамуы, жастардың әлеуметтік ілгерілеуі екені белгілі.

Айта кетейік, қос дипломды бағдарлама аясында студенттер “IT”, “Инклюзивті білім беру” және “Биотехнология” сынды мамандықтарды меңгереді.

 

Алдияр Айтпаев