Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар жолдауға үн қосты

Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Мемлекет басшысы теріскейді тілге тиек еткені белгілі. Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев аққайыңдар өлкесінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін дүйім елге үлгі етті. Айтса айтқандай, соңғы 5 жылда аймақта 30 тауарлы-сүт ферма бой көтерді. Бұл тегеурінді байқаған үкімет тәжірибемізге тамсанып пилоттық жобаны да енгізді. Оған 100 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаражаттың 17 млрд-ы теріскейге сеніп тапсырылды. Бұл ақшаға қазір тағы 17 заманауи кешен салынуда. Оның 9-ын биыл іске қосу жоспарланған.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Елдегі сүт өндірісінің 25% біздің облысқа тиесілі. Сол арқылы мыңдаған жұмыс орындары құрылды. Ауылдарда әлеуметтік сұрақтар шешілуде. Жол салынып, су тартылуда. Үйлер тұрғызылуда. Бұдан бөлек өткен жылы бізде екі құс фабрикасы ашылды. Біраз жұмыс орны пайда болды.

Саяси, экономикалық реформаларды былай алғанда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарға да тоқталды. Еліміз ертеден үлкенге құрмет көрсетіп, кішіні ізет тұтқан. Тектілігімізбен танылған қазақ халқы ұл-қыздарын көлденең жатқан көк тасты алма, ала жіптен аттама деп өсірген. “Қазақ деген атқа кір келтірмеу үшін бүгінде тәрбиеге терең бойлау керек”,- дейді қалалық мәслихаттың депутаты Сәлімхан Сәбитов.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Жастар жан-жағына жанашыр болулары керек. Білімін арттырулары тиіс. Бүгіннен бастап президенттік жастар кадрлық резервке жастар жиналып жатыр. Берілген лауазымға сәйкес ол азаматтар білікті, тәрбиелі болулары керек. Бүгінгі Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай халықаралық аренада біз мәдениетті мемлекет болуымыз керек. Қазіргі күннен бастап білімге баса назар аудару қажет. Тәрбиелі ұлт екенімізді ғана көрсетуіміз керек.

Сәлімхан Сәбитовты ең төменгі еңбекақының 1-ші қаңтардан бастап өсетіндігі де қуантып отыр.

 

Алдияр Айтпаев