Бүгінгі Білім күнінің қоңырауы мектеп қабырғасында ғана емес, колледжде де соғылып жатыр. Бұл білім ордасында Асема Қалиасқарова 3-ші оқу жылын өткізіп жатыр. Болашақ бугхалтер. Оқуын тәмамдағаннан кейін жоғары білім алмақшы. Бұрымды жаңа қабылданған студенттерге іс-шара ұйымдастыруға өз көмегін тигізіпті.
АСЕМА ҚАЛИАСҚАРОВА, Гуманитарлық-техникалық колледжнің студенті:
– Біздің колледждің білім беру сапасы жақсы. Яғни, біз сабақты түрлі жоба, ойын немесе презентация қорғау арқылы өткіземіз. Сондай-ақ, жиі байқаулар өткізіліп тұрады, онда студенттер өздерінің шығармашылық және ақыл-ой қабілеттерін көрсетеді.
Қазіргі таңда оқу ордасында 900-ден аса студент 9 мамандық бойынша даярлануда. Соның 200-ден астамы биыл 1-ші курс студенті атанып отыр.
АЛМАТ МӘКІШЕВ, Гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары:
– Абай атамыз айтқандай, адамның көңілі шын мейірімді болса, білім мен ғылым да сол адамға мейірімділік көрсетіп, қолға тезірек түседі деп айтқан. Ол үшін әрине, көп еңбектену керек. Қабылданған 225 студенттің барлығы – мемлекеттік грант иегері. Сәйкесінше, оларға шәкіртақы тиесілі.
Колледж табалдырығын аттаған жастар жатақханамен қамтылған.
Ақжүніс Мұқатай