Спорт

СҚО спортшылары республикалық гимназиядада жүлделі орынға ие болды

Наурыз айында Астана мен Щучинск қалаларында оқушылар арасында республикалық қысқы гимназияда өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішіндегі 90-ы – теріскейліктер. Доданың қорытындысы жарияланып, спортшылар Өскемен қаласында өткен республикалық Тамыз кеңесінде марапатталды. Солтүстікқазақстандықтар жалпыкомандалық есепте 2-ші орынға ие болды. Әлихан Жұмабек дүбірлі додада коньки тебуден бағын сынаған. Бұл – оның алғашқы елішілік жарысы.

ӘЛИХАН ЖҰМАБЕК, ХІ республикалық қысқы гимназияданың қатысушысы:

– Бұл жарыс мен үшін қиын болды. Қарсыластарым көп болды. 1-ші күні 500 және 1500 қашықтықты бағындырдық. Ал екінші күні 1 мың және 3 мың қашықтыққа дейін коньки тептік.

Георгий Яриковтың спорттық бағдарлаумен айналысып жүргеніне – 4 жыл. Спортшы додада 4 км-ден астам аралықты 40 минутта бағындырған.

ГЕОРГИЙ ЯРИКОВ, ХІ республикалық қысқы гимназияданың қатысушысы:

– Қарсыластарым мықты болды. Мен нығыз дайындалып барғандықтан өз-өзіме деген сенімді жоғалтқан жоқпын. Жеңіс жолы үздіксіз жаттығудан тұрады. Спорттық шаралардан қалмаймын. Жуырда Челябі қаласында өткен әлем чемпионатына қатыстық. Онда командамен 3-ші орынға ие болдық.

Дәстүрлі шара 11-ші рет ұйымдастырылды. Қысқы гимназияда спорттың 8 түрінен өтті. Олар: шаңғы спорты, қысқы президенттік көпсайыс, қысқы спорттық бағдарлау, мәнерлеп сырғанау мен тағы басқасы. Бір ерекшелігі, облыс намысын қорғауға барғандардың көбісі – ауыл балалары. Айта кетейік, 10 жылдан бері өңір спортшылары республикалық қысқы гимназиядада 2-ші орыннан түспей келеді. Бұл жақсы көрсеткіш дейді спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры Қанат Сәдауақасов.

ҚАНАТ СӘДУАҚАСОВ, СҚО білім басқармасы спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Біздің ең мықты командамыз – Президенттік көпсайыстан. Көп жылдардан бері чемпион болып келе жатыр. Жалпы, ол команданың негізгі құрамдары – Ғ.Мүсірепов және Тимирязев спортшылары. Көпсайыстан чемпиондықты биыл да алдық. Сонымен қатар, коньки спортынан қыздар арсында 1-ші орын, ұлдар арасында 3-ші орын алдық.

Облыста жыл сайын 130 спорттық іс-шара өтеді. Оған 50 мыңнан астам оқушы қатысады. Сондай-ақ, қазіргі таңда өңірде 2 мың спорт секциясы жұмыс істейді, оған 30 мыңға жуық бала барып жүр.

 

Гульден Симбаева