БілімДенсаулық сақтау

Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжі 13 жас маманмен толықты

Қолдарынан іс келетін жас мамандар. Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжіне биыл жоғары оқу орнын тәмамдаған 13 түлек жұмысқа орналастырылды. Жаңа толқынның келуімен білім ордасында тәлім беретін оқытушы саны 58-ге жетті. Бүгін жас дәрігер-педагогтер көңілді ән-бимен қабылданды.

Бірден 13 маманның келуі колледжде алғаш рет орын алып отыр.
Бүгінгі іс-шарада бастамашыл, жігерлі, ынталы жастар осы мекемеде көпжылдық өтілі бар жетекшілерімен танысты. Әрқайсысына құттықтау дипломымен қоса гүл шоғы сыйланды.

Білім мекемесіне қабылданған жас маманның бірі – Айжан Үкенова. Өзі осы колледжді 2014 жылы тәмамдаған. Кейін емханаларда фельдшер болып тәжірибе жинақтапты. Биыл Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін “Жалпы медицина” мамандығы бойынша тәмамдады. Енді колледжде өзін педагог ретінде сынап көрмекші.

АЙЖАН ҮКЕНОВА, жас маман:

– Педагогика саласында бұл менің алғашқы қадамым. Студенттерге ішкі аурулар пропедевтикасы арнайы пәнінен сабақ беретін боламын. Бұл пән медицинаның негізгі базасы болып саналады. Бұл пән өте қиын. Бірақ, оқи келе клиникалық ойлау, пациенттермен жұмыс істеу, оларды қарап, анамнезді жинап алатындай жұмыс істеуге қабілетті нығайтуға септігін тигізеді. Бұл сабақ әрбір медициналық мекемеде өтіледі. Жалпы, медицина ең қиын сала, қиын мамандық болып саналады. Дегенмен, соған қарамастан өзімнің шәкірттерім болады деген сенімдемін.

Қабылданған мамандардың жас ерекшеліктері әр түрлі.

АЙДАР МҰҚАШЕВ, Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінің директоры:

– Жаңа толқын – “Жалпы медицина” мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған дәрігерлер. Олар хирургия, терапия, педиатрия, ішкі аурулар сияқты пәндерді қазақ және орыс тілдерінде оқытатын болады. Жұмысқа орналаспас бұрын әңгімелесу жүргізілді. Алған білімдерін, ойларын сөзбен жеткізе алды, енді іспен көрсетеді.

Жалпы, бұл білім ордасында 1200-дей студент тәлім алады. Биыл тағы 400 ұл-қыз осында оқуға түсіпті.

 

Ақжүніс Мұқатай