Қоғам

Семей полигонының жабылғанына – 32 жыл

Ел егемендікке біртабан жақындап, еңсесін енді тіктеген бойда атом қаруынан бас тартты. 1991-ші жылы қасіретті Семей полигонын жабу туралы қаулы қабылданды. Осылайша елді дүрліктіріп, жерді сілкіндірген жарылыс аймағына 29-шы тамыз күні қара құлып салынды. Сол себепті, бүгінгі дата тұтастай елдің қайғы-қасіретінен сыр шертеді. Жыл сайын тиышы қашқан аумақта әскери борышын өтеген жандар жора-жолдастарын еске алу үшін бас қосады.

Қазір ағайын ядорлық полигонда сынақтарға қатысқан жандардың ескерткіші алдына гүл шоқтарын қоюда. Жарылыстардан жан тапсырғандардың саны белгісіз. Бірақ, үшінші ұрпаққа да кесірі тигені мәлім. Жұмабай Әкішев – жарылыстарды өз көзімен көрген азамат. 1970-72 жылдары зейнеткер Курчатов жабық гарнизонында отан алдындағы борышын өтеген.

ЖҰМАБАЙ ӘКІШЕВ:

– Біз Курчатовте ГСМ, қоймалар салдық. 71-ші жылы тамыз айында 600-ге тарта адам ауырып қалдық. 4 рота бір жерде жатты. Сыртымыз қос тікенекті сыммен қоршалды. Ешкім ол жерден шықпады, кіргізбеді де. Екі айдан артық жаттық. Аумақта болып, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілсе дейміз. Соғыс ардагерлеріне теңестіру мәселесі де көтеріліп келеді.

Ешбір ескертусіз жасалған алғашқы жарылыс. 1949 жыл. Шырт ұйқыда жатқан ағайынның зәресі зәр түбіне кетті. Содан кейін 89-шы жылға дейін аумақта 465 рет дүмпудің дыбысы естілді. Соңғысы 19-шы қазанда болды.

АСХАТ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, “СҚО Семей полигоны” ҚБ төрағасы:

– Бұл күн ұмытылмауы тиіс. Адамзат тарихындағы қасірет қой. Қалған азаматтарымыз аман болсын. Біздің қоғамдық бірлестік 2016-шы жылы құрылған. Қазір 250 адам бар.

Қасіреттің қақ ортасында болған азаматтардың бүгінде тек 28-і мемлекеттен жәрдемақы алады екен.

 

Алдияр Айтпаев