Қоғам

Ономастикалық кеңістікті реттеу

Ономастикалық кеңістікті реттеу жолдары. Облыс орталығында осындай атаумен кездесу өтті. Негізгі мақсат – советтік дәуірден қалған, ескі идеологиялық атаулардан құтылу. “Ұлт тағдыры” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім ономастика мәселесінің негізгі бағыт-бағдарын түсіндірді.

ДОС КӨШІМ, “Ұлт тағдыры” ҚБ төрағасы, Алматы қаласы:

– Қарапайым тұрғындар 3 нәрсені білуі керек. Біріншісі – кеңестік үкімет кезіндегі коммунистік идеологияның негізінде құрылған атаулар қазір жойылып жатыр. Екінші мәселе – кейбір жерлердің тарихи атаулары қайтарылып жатыр. Себебі, тарихи атаулардың 99 пайызын 20-жылдардан бастап 90-жылдарға советтік идеологияға байланысты ауыстырып жіберген. Бірақ, бұл жерде дәлел, карта, құжат керек. Егер нақты дәлелі болса қайта тарихи атауы беріледі. Үшінші мәселе – адам атын берер кезде нақты шарт болады. Ол адам ол жер үшін не істеді деген сұраққа жауап беруіміз керек.

Кездесу диалогтық алаң форматында өрбіді. Қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, мәселеге қатысты өз ойларын білдірді.

ҚАРАҚАТ ШАЛАБАЕВ, зейнеткер:

– Жер, су, қала және көше атаулары. Ономастика мәселесі белең алып тұр. Әсіресе, біздің Солтүстік Қазақстан өңірінде әлі күнге дейін бұрынғы заманнан келе жатқан өзге тілдегі атаулар көп. Бірақ, көпшілігінің алғашқы аттары бар. Бірақ, кеңес үкіметі кезінде олардың көпшілігі ауысып кетті. Менің ойымша, заңдық тұрғыда өзгеріс енгізу керек. Егер халыққа салатын болса, ол сол қалпында қала береді.

Ұлт жанашыры Дос Көшім көнерген жер-су атауларын ауыстыруда адам есімі болса оның еңбегіне қарау керек дейді.

ДОС КӨШІМ, “Ұлт тағдыры” ҚБ төрағасы, Алматы қаласы:

– Елімізде батыр, атақты адамдар көп. Олардың ұлты маңызды емес. Тек Қазақстанға еңбегі сіңсе болды. Мысал келтірейін, Алматы қаласында Денис Тен мен Виктор Цойға арналып ескерткіш орнатылған. Ал, кейбір азаматтар “орыс тілді қазақыландырып жатыр”,- деп дақпырт көтереді. Олай емес. Оңтүстік астанадағы ең ұзын көшеге Брусиловскийдің аты берілген. Себебі, ол қазақ операсын негізін қалап, аяғынан тұрғызған. Қысқасы, ұлтаралық мәселесеге қатысы жоқ. Бірақ, кейбірі арандатып, саяси мәселеге айналдырғысы келеді. Мен оларды “арандатушылар” деп айтар едім.

Жалпы, тұрғындар атауларды өзгерту мәселесі бойынша бастама көтере алады. Сондай-ақ, қарсылық білдіруге де құқылы.

ДОС КӨШІМ, “Ұлт тағдыры” ҚБ төрағасы, Алматы қаласы:

– Қазір бізде заматтық қоғам болғандықтан, азаматтардың бастама көтеруге толық құқығы бар. Сосын оны мәслихатқа тапсырады. Кейін оны жоғары облыстық ономастика комиссиясы қабылдайды. Егер ол жерден жақсы қолдау тапса республикалық ономастикаға барады. Ол жерде арнайы мамандар отырады. Егер олар сол атауды лайық деп тапса, шешім қабылдап нүктесін қояды.

Дәл осындай кездесу осыған дейін Батыс Қазақстан облысында өткізіліпті. Нәтижесінде аталған өңірде осы күзде 6 атау ауысады екен. Ал, бұл жиын біздің өңірімізде жалпы 2-ші рет ұйымдастырылып жатыр.

 

Аснурия Абдула