Жастар сарайында Қазақстан Конституциясы күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Жиында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары марапатталды. Ведомство бастығы Әділет Мұстафинов өз сөзінде Конституция берген игіліктер мен азаматтардың құқығын қорғаудың маңыздылығына тоқталып өтті. Бұл тәртіп сақшылары күнделікті түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан қылмыскерлермен жұмыс істейді. Оларды тәрбиелеп, қоғамға бейімдейді.
Жауапкершілігі мол саланың білікті маманы Динара Ачетырова бүгін кезекті наградасын алды. Ол “Қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды. Динара Ачетырова еңбек жолын 2011-ші жылы бақылаушы қызметінен бастаған.
ДИНАРА АЧЕТЫРОВА, СҚО ҚАЖД №50 мекеме жасағының бастығы:
– Қазіргі таңда түзету мекемесіндегі оқу бөлімінде жасақ бастығы болып жұмыс істеймін. Менің бөлімшемде 100 сотталған адам бар. Олармен күн сайын тұрақты негізде тәрбиелік және профилактикалық сипаттағы әңгімелесу жүргіземін. Әрине, жұмысқа жаңа ғана орналасқан кезде қиындықтар болды. Бірақ, мені жақындарым қолдап, барынша демеді.
Сондай-ақ, тағы 8 маманға «Мінсіз қызметі үшін» медалі табысталды. Соның арасында Айдар Мұқанов та бар. Ер азамат әскерден келе сала бірден қылмыстық-атқару жүйесіне қызметке орналасқан.
АЙДАР МҰҚАНОВ, СҚО ҚАЖД №50 мекемесі жедел бөлімінің жедел уәкілі:
Қылмыстық-атқару жүйесінде өз қызметімді 2013 жылы күзет бойынша бақылаушы лауазымынан бастадым. Қазіргі уақытта №50 мекемеде жедел бөлімінің жедел уәкілі болып табыламын. Бұл – менің екінші төсбелгім. Осыған дейін “Қазақстан полициясына-30 жыл” төсбелгісімен марапатталған болатынмын. Көбінесе әскери бап ұнайды.
Жиында 40-қа жуық маман марапатталды. Оның ішінде 9 адамға мерекелік төсбелгі тағылды. Ал қалғандары көрсеткен жақсы нәтижелері мен белсенділіктері үшін құрметке бөленді. Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Гульден Симбаева