Облыс орталығында желаяқтар арасында жартылай марафон өтті. Оған 16-дағы жастар да, 70-тен асқан қарттар да қатысты. Күннің суықтығына қарамастан жүгірем деушілер баршылық.
Қатысушылар 5, 10 және 21 қашықтыққа дейін жүгіреді. Желмен жарысқан спортшылардың ішінде қарағандылық Зейнолла Сейітов те бар. Ол – жүгіру десе ішер асын жерге қоятын марафоншылардың бірі. Зейнеткер салауатты өмір салтын ұстанады. Бір жанарынан айырылса да мойымақ емес. Бойында ерік-жігері мол азамат сайыста 21 қашықтықты бағындырмақ.
ЗЕЙНОЛЛА СЕЙІТОВ, жарысқа қатысушы, Қарағанды облысы:
– Халықаралық паралимпиадаларға қатысып жүремін. 42 км бойынша 157 марафонға қатыстым. Бүгін жастарға қолдау беру үшін келіп тұрмын. Көзім көрмейді деп мен бір орында отырмаймын. Жақында Ресей еліне жарысқа барып келдім. Күнде таңертең жүгіремін. Жүгірмесем денем ауырады.
Жарысқа 300-ден астам адам қатысты. Айта кетейік, марафон өңірімізде 2-ші рет ұйымдастырылып отыр. Былтырғымен салыстырғанда биыл қатысушылардың саны артқан.
БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «Jastar Ryhy» ЖҚ СҚОФ төрағасы:
– Қатысушлыр саны өсіп келе жатыр. Былтыр 230 қатысушы қатысқан болатын. Ал биылғы көрсеткіш бойынша 330 адам белсенділік танытты. Екі жасы үлкен қатысушыларымыз бар. Біреуі 82 жаста ал екіншісі 83-те. Ол кісілер былтырда қатысқан болатын. Негізі, дені 22 жастан 35 жасқа дейінгілер белсенділік тынытып отыр.
Жарыс соңында “Қызылжар 2023” жартылай марафонының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық табыс етілді. Бірінші орынға 50 мың, екіншіге 30 мың, ал үздік үштікті тұйықтаған адамға 20 мың теңге берілді.
Гульден Симбаева