Өңірімізде дәстүрлі түрде өтетін “Ринг патшасының” 6-шы турнирі бастау алды. 4 күнге созылатын ардагерлер арасындағы бәсекелі дода халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Шаршы алаңға Ресей, Қырғызстан мен еліміздің түкпір-түкпірінен 35 жастан асқан қолғап шеберлері шықпақ. Барлығы – 47 қатысушы.
Кездесу 3 раундтан тұрады, әрбірінің ұзақтығы 3 минуттан. Кім мықтыдан кіл мықтыны алғаш болып 63 келілік спортшылар анықтады. Шаршы алаңға бірінші көкшетаулық Андрей Спиридонов пен павлодарлық Игорь Михайлов шықты. Соңғы аталған боксшы – турнирдің ардагері. Жасы 66-да болса да ширақ. Дегенмен, жеңіс көкшетаулық спортшының қанжығасына байланды.
ИГОРЬ МИХАЙЛОВ, турнирге қатысушы, Павлодар қаласы:
– Бокстан спорт шеберімін. 79 жылы әлем чемпионы атанғанмын. Негізі, бұл турнирге алғаш рет қатысып тұрмын. Достарым қайтесің, қатыспа десе де айтқанымнан қайтпай келдім. Бүгін тамашалап отырған жастар өздеріне қажет ой түйіндеді деп ойлаймын. Оларға темекі шекпеңдер, ішімдікке жоламаңдар дегім келеді.
Осы салмақта келесі екінші болып күш сынасқандар – алматылық Дмитрий Ковальчук мен астаналық Халиолла Бегенов. Екі спортшы да мықтының мықтысы. Оңай берілер емес. Дегенмен, жеңіс Дмитрий Ковальчукта.
ДМИТРИЙ КОВАЛЬЧУК, турнирге қатысушы, Алматы қаласы:
– Қарсыласым – өте мықты жігіт. Жекпе-жекке дейін дос болдық, бұдан кейін де достығымыз сақталады деп ойлаймын. Менің айтарлықтай бір қолданатын әдістерім жоқ. Жас кезімде болған, әрине. Қазір бала емеспіз ғой. Өзім бокстан спорт шеберімін. 2001-ші жылы түрлі жарақатқа байланысты спортпен айналысуды тоқтатқанмын. Кейін бапкер болдым, қазір Алматыда арнайы клубым бар.
Бәсекелі додаға 2 солтүстікқазақстандық Арман Жәмішев пен Андрей
Бейсембаев қатысып жатыр.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Жекпе-жек сайысының жеңімпаздарына дайындаған сыйлықтарымыз бар. Бірінші орынға 150 мың, екінші орынға 100 мың, ал үшіншіге 50 мың теңге беріледі. Сонымен қатар, бас жүлдеге “Ринг патшасы” белдігі сыйланады.
Бір күнде 9 жұп шаршы алаңға шығады. Бәсі биік дода алдағы сәтті сәрсенбі күні мәресіне жетеді.
Ақжүніс Мұқатай