ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:
– М. Жұмабаев ауданындағы Возвышенка ауылдық округінде әкім сайлауы өтіп жатыр. Мұнда 212-ші сайлау учаскесі орналасқан. Сағат 11-ге дейін 1289 адамның 320-сы келіп дауыс берді.
Таңғы сағат 7-де сайлау учаскесі ашыла салысымен тұрғындар өз таңдауларын жасауға кірісіп кетті.
ГҮЛНӘР ӘУБӘКІРОВА, №212 сайлау учаскесі комиссиясының хатшысы:
– 18 жасқа толған 3 бала келіп дауыс беріп кетті. Оларға сыйлық бердік. Құқықбұзушылық болған жоқ.
Самал Айтқожина – Возвышенка ауылының тұрғыны. Осы елді мекенде 12 жыл бойы тұрып келеді. Айтуынша, ауыл жылдан-жылға құлпыруда. 4 жылдың ішінде елді мекенге шамдар орнатылып, жөндеу көрмеген жолдар жөнделіпті. Бірақ, әлі де шешілмеген мәселелер бар дейді.
САМАЛ АЙТҚОЖИНА, Возвышенка ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:
– Орталық көшелерді ғана емес ауылдың сыртындағы жолдарды да назарға алу керек. Тиімді бағамен қоғамдық көліктер жиі жүріп тұрса. Осы ауылға келгелі бірде-бір сайлауды өткізбедім. Қатысып отырамын.
Округ әкіміне кандидат саны үшеу. Үміткерлердің екеуі Возвышенка ауылдық округінде туып-өскен. Бұрынғы әкім Виктор Соколов 4 жыл бойы қызмет етіп, мерзімі біткен соң биыл сайлауға тағы қатысып жатыр. Ауылдық округке 5 елді мекен қарайды. Бұл күні округте 2 учаске жұмыс істеді. Кешкі 8-ге дейін жалғасқан сайлауда көпшілік 48 жастағы Виктор Соколовқа дауыс беріпті. Азамат Возвышенкада 85,24% дауыс жинаса, Александровкада оған тұрғындардың 74%-ы дауыс берген.
Гульден Сембаева