Спорт

Дін қызметкерлері мен діндарлар арасында шағын футболдан жарыс өтті

Петропавлдық дін қызметкерлері мен діндарлар сенбі күні облыс орталығында сынға түсті. Ағайын шағын футболдан бақ таластырды.

НҰРТАС НҰРМАҒАНБЕТ, облыстық дін істері жөніндегі басқармасының бас маманы:

– Бұл турнирдің мақсаты – конфессияаралық қарым-қатынасты нығайту. Бұл жерде дін өкілдері мен діндарлар жүр. 8 команда турнирге қатысуда. Оның ішінде қалалық 4 мешіт. Бескөлдегі “Кәусар” мешітінен де команда келіп отыр. 2 шіркеу ұжымы да қатысуда. Волейбол, футболдан мұндай турнирлер жыл сайын өтеді.

Бірінші болып алаңда “Дін Мұхаммад” пен “Нұр” мешітінің командалары кездесті. Кездесу барысында ойыншылар жан беріп, жан алысты. “Дін Мұхаммад” мешітінің мүшелері қарсыластан ширақтығымен және жылдамдығымен бір бас жоғары болды.

Қорытынды есеп 6:3. “Дін Мұхаммад” мешітінің командасы жеңіске жетті.

РИНАТ БАЙМУРАТОВ, “Дін Мұхаммад” мешіті командасының мүшесі:

– Жарысқа мықты құрамамен келдік. Біздің команда мүшелері қаладағы әуесқой футбол клубтарына мүшелік етеді. Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұндай сайыстар жиі ұйымдастырылып отырса біз тек қуанамыз. Қатарда жастардың көп екендігі қуантады.

Ойындар тартысқа толы болды. Дін өкілдері алаңда өз шеберліктерін ортаға салды.

– Өңірімізде конфессияаралық турнир өтіп жатыр. Өте керемет. Бұл қатынастарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Ойындар керемет өтуде. Барлығы жеңістен дәмелі.
– Кездесулер тартысты өтуде. Қатысушылардың көңіл күйі тамаша. Бүгін жүлдегерлер тізімінен көрінеміз деген ниеттемін.

Сайыс қорытындысы бойынша 3-ші орынды қалалық “Нұр” мешіті командасы иеленді, күміс “Қызылжар” облыстық орталық мешітіне бұйырса, қалалық “Дін Мұхаммад” мешітінің ұжымы топ жарды.

 

Алдияр Айтпаев