Қоғам

Аманаттықтар екі жылдық жұмысты қорытындылады

Петропавлда “AMANAT” партиясы облыстық филиалының есептік-сайлау конференциясы өтті. Алқалы жиында 2 жылда атқарылған жұмыс қорытындыланды. Басты тақырып – сайлауалды бағдарламаның орындалуы.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, “AMANAT” патиясының хатшысы:

– Біздің партия үшін сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды болып табылады. Себебі, жоспарланған шаруаның барлығы халықтың әл-ауқатын жақсартуға негізделген. Сондықтан, бұл бағытта бар күш-жігерімізді саламыз.

Айтылған сөз – атылған оқ! Сайлауалды бағдарламада көрсетілгеннің барлығы орындалуы тиіс. Бүгінгі күні өңірде жоспарланған жұмыстың 93% тындырылыпты. Демек, әлі де атқаруды қажет ететін шаруа бар. Биыл өңірде алдағы 5 жылға арналған жаңа карта бекітілді. Оның барысына филиалдың атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов тоқталды.

ЖЕҢІС АСАНОВ, “AMANAT” партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:

– Сайлауалды бағдарламаны орындауға негізделген карта 5 бағыт бойынша 120 іс-шараны қамтиды. Оның 112-сі биыл жүзеге асырылып жатыр. Жол картасының әрбір пунктіне түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары мен жауапты атқарушы органдардың өкілдері бекітілген.

Биыл аманаттықтардың қатары жалынды жастармен толыққаны белгілі. “Жас келсе, іске” дегендей, еңбекқор әрі жігерлі қыз-жігіттер түрлі саладағы мәселеге назар аударып жүр. Нәтиже бар. Мысалы, қалалық мәслихаттың депутаты Сәлімхан Сәбитов кембағал адамдардың Қазақстан ішінде ұшақпен қатынау ақысын арзандатуға үлес қосыпты.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Осы сұрақпен мен Қаржы министрлігіне жүгіндім. Қазір FlyArystan компаниясы 1-ші топтағы мүгедектерге және олардың тасымалдайтын бір адамға 50 пайыздық жеңілдік беріп жатыр.

Әлеуметтік нысандардың көбіне кембағал адамдар өздігімен кіре алмайды. Себебі, оларда лайықты пандус жоқ. Қалалық мәслихаттың депутаты Сәлімхан Сәбитов алдағы уақытта осы мәселеге назар аударып, біржақты етуге үлес қоспақ.

 

Байболат Култанов