Қоғам

СҚО-да биыл 137 жұмыссыз арнайы оқытудан өтті

Игорь Батырев – заман талабына сай, сұранысқа ие мамандықты меңгерген азамат. Қазіргі таңда жерлесіміз қаладағы ерлерге арналған сән салондарының бірінде барбер болып еңбек етеді. Бұл істің қыр-сырын ол жақында ғана үйренген.

ИГОРЬ БАТЫРЕВ, барбер:

– Жоғары білімді Омбы қаласында алдым. Көркемдік дизайнер мамандығын тәмамдағанмын. Петропавлға қайтып келгенімде “Қайда жұмыс істеймін?” деген сұрақ туындады. Мансап орталығына жүгіндім. Ондағы мамандар барбер мамандығы бойынша оқыту жоспарланғанын айтты. Келісе кеттім. Наурыз бен мамыр айлары аралығында сән салонында мамандықтың қыр-сырын меңгердім. Оқыту аяқталғасын мекеме басшылығынан осында қалу туралы ұсыныс түсті.

Бірнеше айдың ішінде азаматтың тұрғылықты келушілері де пайда болған. Игорь Батырев шашты қияды, бояйды, сақал күтімін де ұсынады. Жалпы, бұл салонда қазір 13 маман еңбек етеді. Оның дені осындай оқытудан өту арқылы жұмысқа қабылданған. Айта кетейік, оқыту жұмыс берушілердің өтініштері бойынша жүзеге асырылады.

ТАТЬЯНА КЛАБУКОВА, сән салонының директоры:

– Бұған дейінгі салон кішіректеу болды. Былтыр кең нысанға көштік. Тиісінше кадрға деген сұраныс та артты. Мансап орталығына жүгіндім. Оқыту курсын өткізу арқылы командама жаңа мамандар алдым. “Атамекен” палатасы арқылы жақында тағы бір оқытуым басталады. Себебі, кадр қажеттілігі әлі де бар.

Жыл басынан Мансап орталығына 93 жұмыс берушіден 197 адамды оқыту бойынша өтінімдер келіп түскен. 89 кәсіпкермен шарт жасалған. Оның негізінде 192 адам оқуға жіберілді.

ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Бүгінгі күні 137 адам оқуды аяқтады. Оның 85%-ы жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және қоғамдық тамақтану сияқты салалардағы 27 жұмыс берушіден 97 адамды оқыту үшін қосымша өтінім келіп түсті. Оқыту тамыз айының соңында немесе қыркүйекте басталады деп жоспарлануда. Тегін білім алғысы келетін азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталықтарына жүгіне алады.

Ескеру қажет, оқудан өтіп жатқан жандарға 22 мың теңге шамасында шәкіртақы төленеді. Сондай-ақ, жол шығынына 13800 және аудандардан келетіндер үшін пәтер жалдауға 34500 теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Медициналық тексерістен өту үшін де 6900 теңге беріледі.

 

Алдияр Айтпаев