Жаңа оқу жылына санаулы күн қалды. Демек, педагогтар оқу жоспарын пысықтау үшін жыл сайынғы Тамыз кеңесіне жиналады. Биыл бұл жиын оқушылар сарайында “Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт” атауымен бастау алды. Осы жылы республикалық тамыз кеңесі алғаш рет жаңа форматта өтпек. Ерекшелігі – барлық 20 өңір тақырыптық бағыттарға бөлінді. Солтүстік өңірдің тақырыбы – “Педагог мамандарды дамыту”.
НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Бүгін еліміздің барлық өңірінен білім саласының мамандары келіп, өз тәжірибелерімен бөліспек. Жалпы, біздің облыста 16 мың педагог бар. Қазіргі таңда ең тапшы мамандықтар бойынша кадр тарту жөнінен кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оның ішіне математика, орыс тілі, әдебиет, ағылшын тілі мұғалімдері кіреді. Осы мәселе бойынша жергілікті университетпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін педагогтардың біліктілігін арттыру туралы баяндамалар да оқылады.
Қос күнге созылатын шараның алғашқысында әр өңірде берілген тақырып бойынша секциялық отырыстар өтеді. Кеңесте педагог-тәжірибешілер, сарапшылар, білім және психология саласының мамандары өз тәжірибелерімен бөліседі. Бүгін өңірімізге өзге өңірлерден 200-ге жуық маман келіп отыр.
ЕЛАМАН АЙБУЛЬДИНОВ, “Өрлеу” БАҰО” АҚ басқарма төрағасы, Астана қаласы:
– Бүгінгі күні Петропавл қаласына 500-ден аса маман жиналып, орта білім және мектепке дейінгі педагогтерді дамыту тақырыбында сөз қозғап, ойымен бөлісетін болады. Педогогтерді дамыту бойынша түстен кейін 4 секция жұмысын жалғастырады. Екеуі – балабақшада, екеуі – мектеп базаларында. Жаңа оқу жылына міндеттер мен мақсаттар айқындалып, бүгінгі тамыз кеңесінің отырысында жақсы жұмыс атқарылады деген ойдамын.
Бүгінгі жиында қала және аудан мектептерінің ұстаздары тың жобаларын таныстыруда. Райгүл Сейтенова – Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мекептің бастауыш сынып мұғалімі. Бүгін ол 3 платформа туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруде.
РАЙГҮЛ СЕЙТЕНОВА, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
– Бүгін біз Еducapley, Baamboozle және Tyni Tap платформаларын таныстырып жатырмыз. Өте тиімді әрі тегін. Өзіміздің іс тәжірибемізде қолданып жатырмыз. Балалар өте қызыға орындайды. Алғашқысында диктант жазуға болады, Baamboozle-те топтық тапсырмалар бар, ал Tyni Tap-та дидактикалық тапсырмалар бар. Біз өзіміздің тәжірибемізде 5 жылдың көлемінде пайдаланып жүрміз.
25-ші тамызда онлайн режимде 20 өңір өкілдерінің қатысуымен бірыңғай республикалық пленарлық отырыс өтеді. Оған білім беру жүйесінің 12 мың қызметкері қатысады.
Акжунис Мухатай