Теріскейде тың техника шығару ісі қолға алынады. Бүгін Петропавл ауыр машина жасау зауытында пилотсыз ұшу аппараттары таныстырылды. Заман игілігін іргелі өндіріс орны қытайлық серіктестермен бірге құрастырған. Жобада қолданылған бөлшектердің 70% аспан асты елінен жеткізіліп отыр. Қалғаны -отандық өндірушілердікі.
ТИМУР НУКЕРЕЙ, “ПАМЖ” АҚ бас директорының арнайы өнімдер жөніндегі орынбасары:
– Болашақта көрсеткішті 50 де 50-ге жеткізуге ниеттеніп отырмыз. Яғни, кейбір элементтерді зауыт қабырғасында шығара бастаймыз. Арадағы әріптестік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің Қытайға жасаған сапары барысында орнатылды.
Жоспар бойынша зауытта алдағы уақытта ұшу аппараттырының 27 бірдей түрі шығарылмақ. Бүгін көпшілікке тек 4 үлгісі таныстырылды. Көлемі жағынан айырмашылығы бар қондырғылар әртүрлі мақсатта қолданылады. Мәселен, мына біреуі 3D карта жасауға арналған. Заман игілігі 7 шақырым биіктікке көтеріліп, 20 шақырымға дейін ұша алады. Бір сағатта 60 шақырымды еңсереді.
Мына дрон өрт барысында арнайы ұнтақ шашуға, жоғалған адамдарды, қылмыскерлерді іздеуге арналған. Бұл құрылғы -50 градуста да
жұмыс істей алады. Ал ең үлкен ұшу аппаратының жұмысы тіпті бөлек. Ол жүйеге енгізілген көлікті лезде тауып, қыр соңынан қалмайды. Сағатына 100 шақырымға дейін жүйіткитін жабдық 50 шақырымға дейін ұшады. Жалпы, жаңа жоба аясында 40 адам еңбек етпек. Қазіргі таңда мамандар қытайлықтардан істің қыр-сырын меңгеруде.
ЦЗЯН ШАНЬ, компанияның бас директоры, ҚХР:
– Қытай пилотсыз ұшу аппараттарын шығару бойынша әлемдік нарықта көшбасында тұр. Аталған бағыттағы жұмыстарды біз 10 жыл бұрын бастадық. Бұл істі Орталық Азия елдері арасында әзірге Қазақстан ғана қолға алып отыр. Серіктестігіміздің арқасында елдеріңізде ұшу аппараттарын шығару өндірісі дами түссін. Біз оған тек қуанамыз.
Зауыттан шыққан аппараттар әзірге ішкі нарықта ғана қолданылмақ. Олардың қандай бағамен сатылатыны белгісіз.
Алдияр Айтпаев