Облыста жиым-терім жұмыстары тамыздың 15-інде басталды. Биыл өңір диқандары 4,5 млн гектар алқапқа дән сіңірді. Бүгінде 5 мың гектардағы майлы дақыл бастырылды. Оның 4 мың тоннасы соғылды, өнімділік 8 центнерді құрады. Сондай-ақ, топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатында 2,3 млн гектар алқапқа 175 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Жыл соңына дейін тағы да қосымша 25 мың тонна пайдаланылмақ.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Өңірде орақ науқаны 15-ші тамызда басталды. Барлық шаруашылықтар жаппай егін жинауға 20 тамыздан бастап кірісті. Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 614 мың гектары бастырылды, 739 мың тоннасы соғылды, өнімділігі гектарына – 12 центнер. Барлық агротехникалық іс-шараларды сақтау және салаға инвестициялар тарту есебінен шығым өткен жылдың деңгейінде болжанады.
Жыл басынан бері 48,2 млрд теңгеге 1 768 техника алынды. Қазіргі таңда астық қабылдайтын пункттер биылғы өнімді қабылдауға дайын. Олардың сыйымдылығы өңір қажеттілігін 100% жабады. Бүгінгі таңда жанар-жағармай жоспарлы түрде жеткізіліп жатыр. Диқандар үшін түпкілікті баға – 250 теңге.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жемшөп дайындау жоспарлы режимде жүргізілуде. Биылғы жылы оның алқабы 368 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта жоспарланған 940 мың тонна шөптің 875 мың тоннасы дайындалды. Жоспарлаған 211 мың тонна сенаждың
228 мың тоннасы дайындалды. Сонымен қатар, облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары силос дайындауға кірісті. Облыс халқын сабанмен қамтамасыз ету үшін агроқұрылым басшыларымен түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Өңір жетекшісі облыс диқандары қолайлы күндерді ескеріп, егін жинау науқанын дер кезінде аяқтайтынын жеткізді.
Гульден Симбаева