Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында жол атаулы соңғы рет 20 жыл бұрын жөнделген. Жаңбыр жауып, қар түссе адам аяғы басуға қиындайтын қара жолды қалпына келтіруге биыл облыстық бюджеттен 494 млн теңге бөлініпті. Орташа жөндеу жұмысы шілденің орта тұсынан бастау алған. Мердігер – қызылордалық «Сапақ» ӨК-і.
Кішкенекөл ауылында барлығы 27 көше бар, қазір оның 8-іне қиыршық тас төселіп қойыпты. Қызу жұмыстың басында 20-ға жуық адам жүр. 12 камаз бен 3 бірдей ауыр техника жұмылдырылған. Қазір сол техникалар ауылдың ең ұзын – Жамбыл көшесінде жұмыс істеп жатыр. 2 шақырымға жуық аралық 2 күн брын оңдала бастаған. Бұл жұмыс бүгін-ертең аяқталады дейді учаске бастығы Мырзабек Ділімбетов.
МЫРЗАБЕК ДІЛІМБЕТОВ, учаске бастығы:
– Бұл жобаға 494 млн теңге бөлінген, біз соның 74 млн-нын игердік. Енді қазан айынның соңына дейін немесе қарашаның 1-іне дейін жұмысты аяқтауымыз керек. Жұмыстың тұралап қалуына немесе кестеден қалуына ешқандай кедергі жоқ. Тек қана ауа райы сәл қолайсыздық тудырып тұр. Өйткені, жаңбыр жауған кезде біз шамалы тұрып қаламыз.
Кішкенекөл ауылында 6 мыңнан астам адам тұрады. Үй саны 2 мыңға жуықтайды. Жалпы, Кішкенекөл ауылында жол мәселесі өзекті тұр.
ҚАНАТ САТВАЛДИН, Кішкенекөл ауылдық округінің әкімі, Уәлиханов ауданы:
– 27 көше бұл – 22 шақырымды құрайды. Қазір кезде оның 16,4 шақырымы аяқталды. Толығымен аяқталғаннан кейін жол белгілерін орналастырамыз. Керекті техниканың бәрі бар.
Жалпы, ұзынды-қысқалы көшелердің әрқайсысын қиыршық таспен өңдеу үшін 3-4 күннің көлемінде уақыт кетеді.
Ақжүніс Мұқатай