Экология

СҚО-да “Жасыл ел” қатарында 600-ден астам жас еңбек етіп жатыр

Бұл – “Қызылжар” орман шаруашылығы. Осында еңбектеніп жатқан жасылелдіктерге жүктелген міндет – аумақтың тазалығын қадағалау, өсімдіктерді суару және айналаны абаттандыру. Досжан Мұхаметжановтың жоба аясында жұмыс істеп жатқанына 1 айдың көлемі болып қалыпты. Өзі Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды.
“Жасыл елдің” жастарға берері мол дейді.

ДОСЖАН МҰХАМЕТЖАНОВ, “Жасыл ел” жасағының сарбазы:

– “Жасыл ел” жайлы туыстарымнан естідім. Ести сала бірден құжат жинауға кірістім. Жалақысы жаман емес. Өзімнің қажеттіліктеріме жетеді. Жұмыс та айтарлықтай қиын деп айта алмаймын. Жаңбыр жауғанда немесе күн қатты ысып кеткенде үйге жібереді. Негізі, қоршаған ортаны тазалап әрі абаттандыра жүріп еліміздің экологиясына өз үлесімді қосып жатқаныма қуанамын.


“Жасыл ел” жобасы бойынша қол күшін қажет ететін жұмысқа 16 мен 29жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Олар 1 ай еңбек етеді. Қолдарына
80 мың теңге алады. Сонымен қатар, аталған жоба аясында 14 жастағы жасөпірімдер де еңбекпен қамтылады. Олар негізінен жастар ресурстық орталығына жолданады.

РҮСТЕМ АРМАН, “Қазақстанның болашағы үшін” қоғамдық студенттер бірлестігінің төрағасы:

– “Жасыл ел” бағдарламасы 2005-ші жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы жолы Солтүстік Қазақстанда оны Ішкі саясат басқармасының қолдауымен “Қазақсатанның болашағы үшін” қоғамдық студенттер бірлестігі жүзеге асырып жатыр. Балалар жұмысқа 3 тәсілмен орналастырылады. Олар: “Қызылжар” орман шаруашылығы, Жастар ресурстық орталығы мен “Зенченко” серіктестігінде.

Қазіргі уақытта “Қызылжар” орман шаруашылығында 14 жасылелдік сарбаз еңбек етіп жатыр. Аптасына 5 рет таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін осы жерде болады.
“Қызылжар” орман шаруашылығының директоры Қайрат Қалықовтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл ынта білдірушілердің саны аз.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, “Қызылжар” орман шаруашылығының директоры:

– Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жастардың саны аз. Өткен жылы 65 адамдай келген, берілген жұмыстың 80%-ын орындағанбыз. Биыл қаржыны игереміз деп ойлаймын. Қыркүйек айына дейін созсақ бұл бағдарламыны, сол айға тағы жұмыстар аламыз.

Қазіргі таңда өңір бойынша “Жасыл ел” жасағында 615 жас еңбек етуде. Алдағы уақытта сарбаздар санын арттыру жоспарланып отыр.

 

Ақжүніс Мұқатай